Атырау облыстық ауруханасының кейбір бөлімшелерінде карантин енгізілуіне байланысты гинекология және хирургия бөлімшесіндегі науқастар қаладағы басқа стационарға жіберіледі. Бұл туралы онлайн брифингте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис ТАҢБАЕВА мәлім етті.
- Облыстық ауруханада коронавирус жұқтырған 5 жағдай тіркелді – 3 емделуші және 2 медицина қызметкері. Олармен байланысқан адамдардың саны 90-ға жетті. Бәрінен сынама алынып, вирус анықталмады. Науқастарды қабылдау уақытша шектелді. Дүйсенбі және бейсенбі күндері гинекология бөлімшесінің науқастарын қалалық перзентхана, сейсенбі және сенбі күндері - облыстық перинаталдық орталық, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері – темір жол ауруханасы қабылдайды. Теміржол ауруханасына хирургия бөлімшесіне қатысты науқастар жеткізілетін болады. Кейбір бөлімшелерде 3 сәуірде енгізілген карантин 14 күнге созылады, - деді Г. Таңбаева.
Бағымызға қарай, 3 сәуірден бастап инсульт, нейрохирургиялық және ауыр жарақаттанған аурулар болған жоқ. Бірақ дәрігерлер дайындалуда.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА кадр резервін анықтау үшін жеке клиникалардың бас дәрігерлерімен кездесу өткізді. Нәтижесінде, қажет болған жағдайда мемлекеттік медицина мекемелерін күшейту үшін олар хирург, анестезиолог-реаниматолог және анестезия бөлімінің медбикелерін бөлетін болып келісті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті ӨКҚ жолдады