Атырау, 22 қараша 09:33
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атыраулықтар үйде отырып, немен айналысуда

Сурет
5 517 просмотра


Біріншіден, аз уақытқа болса да, осы басылымдағы өз оқырмандарыммен қауышқаныма; екіншіден, карантинде отырып, үрейленген атыраулықтардың көңілін бірлендіру үшін жасаған ұсынысымды құптағанына қуанып отырмын. Мен осындай жағдайды бір апта бұрын астанада жүргенде басымнан өткеріп, біраз уақыт беймаза күйде болдым.  Сондықтан, жақындарымның және оқырмандардың қазір неше түрлі ой ойлап, қандай мазасыз жағдайда жүргендерін жақсы түсінемін.  

Менің таныстарымның көбі әлеуметтік желіде «QUARANTINE. DAY N.» белгісімен салған өз суреттерімен бөлісіп, төрт қабырғаның ішінде отырып, немен айналысып жатқандарын жазады. Осы ақпаратпен сіздермен бөліскім келді. Мүмкін сіз де оларға ілесіп, шабыттанып, ойыңызға ой қосылып қалар.


«БІР ЖАҒЫНАН ШЫҒЫН, ЕКІНШІ ЖАҒЫНАН...»

Сабина – Атыраудағы шағын сурет салу студиясының иесі және онда сурет салудан сабақ береді.

Басқа кіші және орта бизнес өкілдері  секілді карантин де оны біраз алаңдатқан. Бірақ ол осы жағдайдың пайдалы тұсын да ашты.

«Иә, карантинге дейін екі айда аяқтайтын бір суретім шаң басып жатты. Сондай-ақ кейінге қалдырған шаруаларымның да ұзын-сонар тізімі болған. Оның бәрін тындырып алу үшін қашан демалысқа шығамын деп армандайтын едім. Енді арманым орындалды десем де болады (күледі). Алғашқы күндері үйдің ішін реттеп алдым. Негізінен күнделікті режим бұзылды, жаңа шығарманы да бастадым, кеше 12 сағат тұрмастан жұмыс жасадым! Мен үшін бастаған іске бар ниетіңмен беріліп, тіпті уақытқа көңіл бөлмей жасаған маңызды. Карантинде осылай шеберлігіңді шыңдауға болады. Сонымен қатар, йогамен де айналысамын. Оның үстіне барлық фильм мен телехикаяларды көріп шықтым. Бұрын таңғы ас ішпестен жұмысқа асығатын едім, қазір туркеде кофе дайындауды үйреніп алдым!

Бұл демалыс бір жағынан кәсібіме шығын келтірсе, бір жағынан тұлға ретінде қалыптасуыма игі әсер етуде».


Сабина сияқты бол! Сурет сал! Сурет салудан тегін онлайн сабақты мына сілтемеге бассаңыз, табасыз: https://www.hudozhnik.online/free/uroki


«ЖАҢА ТІРШІЛІК НЫШАНЫН БАҚЫЛАҒАН КЕРЕМЕТ»

Артур – жобалау материалдарының үйлестірушісі.

Қазіргі Covid-19 туғызған жағдай әсіресе жер үйде тұратындарға жақсы болды. Олар ең болмағанда өз ауласына шыға алады немесе айналаны тазалап, бау-бақша шаруаларына кірісуге мүмкіндігі мол.

Мысалы, менің Артур есімді танысым көкесінің 250 түп жеміс ағашын егу ұсынысына қуана келіскен.

«Үйде диванда босқа жатып не бітіремін деп ойладым.  Көшеттерді, күректі қолға алып, бастап кеттік!  Нәтижесінде 250 терек отырғыздық: 100 түп қызыл шие, 25 шабдалы және 125 түп алмұрт. Кейбіреулері бүр жарып келеді. Жаңа тіршіліктің басталып келе жатқанын бақылаған өте қызық! Кеше көршінің ауласынан бос жатқан ағаштарды көрдім, сатып алуға жұмыстанамын. Көңілімді алаңдатып, кептерхана салмақпын».


Жалпы, пәтерде тұратындарға да осындай іспен айналысуға болады. Балконда шағын бақша жасақтап, үйден аскөк секілді пайдалы өсімдіктерді өсіріп көруге болады. Айтпақшы, бұл іске балаларды да қатыстыруыңызға болады, оларды сөзсіз қызықтырасыз. Бұл ретте сізге YouTube жақсы көмектеседі.


«ӨЗІМЕ УАҚЫТ БӨЛЕТІН БОЛДЫМ»

Ольга – массаж жасаудан сертификаты бар шебер, ол да уақытты текке өткізбейді:

- Карантин кезінде адамдар үйлеріне қамалып,  «Енді немен айналыссақ екен?» деп ойлады. Мен де соның бірімін. Бір жақсысы – бос уақыт көп. Үйді бастан-аяқ тазалап, шкафтың ішін тап-тұйнақтай жинап, тамақты бір аптаға жететіндей дайындап қойғаннан кейін өзіңе көңіл бөлуге де уақыт табылады екен. Мен үйде фитнеспен айналысуға кірістім. Әйтеуір, интернет бар. Соның арқасында әртүрлі жаттығуларды жасап көруге болады. Тіпті, түрлі заттарды пайдаланып, отбасыңмен бірігіп те жасайтын жаттығулар бар. Менің қол астымда бос жатқан төсеніш пен бірнеше жылдан бері өзінің пайдаға асатын уақытын күтіп жатқан фитнес-резеңке бар. Көпшілігі былай күндері фитнеспен айналысатын уақыт таппай, кейде күш немесе ниет жетпей жатады. Ал қазір сол нағыз ойды іске асыратын уақыт! Ол өзіңе де отбасыңа да пайдалы. Қарантиннен екі бетің алмадай болып томпиып шығасың ба, әлде жіптіктей жинақы болып шығасың ба -  өзіңе байланысты. Әртүрлі маска мен кремдерді пайдаланып, фейсфитнесті (бетке жасайтын  массаж) де естен шығармаған жөн. Жеке өз басым кино көріп отырып, бетіме массаж жасаймын. Ондай массажды қалай жасау керектігі жөнінде Ютубтан табуға болады. Әрі пайдалы әрі ләззатқа бөленіп, рахаттанып қаласың.


«ҰЙҚЫҢДЫ ҚАНДЫРУҒА ЖАҚСЫ МҮМКІНДІК»

Раниль – студент әрі тойда бейнетаспаға түсіру операторы:

Жұмыссыз қалғаным өкінішті, әрине, бір жағынан ұйқымды қандыратын болдым. Үйде қалған алғашқы күндері Paper Craft техникасы бойынша көлемді фигураларды қия бастадым. Ол биіктігі 50 см, ұзындығы 74 см және ені 32 см болатын пілдің фигурасы. Бұл университет тапсырмасы еді, карантинде соны орындауға уақыт табылды. Қағаздан қиылған бұл фигураны жасауға бір аптадан астам уақыт кетті. Қиын жері – қиындылардың біріне бірін желімдейтін цифрлармен белгіленген жерін  табуға көп уақыт кетеді.

Айтпақшы, құймақ пісіруді үйрендім».



«ЖАҚСЫ КІТАП»

Анастасия – фотограф:

-Шіркін, үстіңе көктемде киетін джинсовканы іліп алып, күн сәулесінен қорғайтын қара көзілдірік тағып, шашыңды желге таратып, күннің шуағына бөленіп, құрғақ жолдың бойымен өзіңе ұнайтын кофеханаға шыққың-ақ келеді. «Юность» аялдамасы жанындағы өрік ағашының жылдағыдай гүлдеп тұрғанын суретке түсіріп, Инстаграмға салғың келеді.

Бірақ бұл мүмкін емес.

...Шынымды айтсам, кітапты қолыма жиі алмаймын. Таксиде отырғанда, немесе оны күтіп тұрғанда тек баламның сабағына көмектесу үшін 2-сыныптың оқулығын оқуға ғана уақыт жетеді. Ал мына кітапқа кезінде дүкен сөрелерінде тұрғанда көзім түсіп, қатты қызыққан едім. Осы кітаптың негізінде түсірілген фильмді де әдейі қарамадым. Біраздан кейін әлгі кітапты тағы бір жерден көріп қалдым да, бұл жолы сатып алдым. Ал екі аптадан кейін қалада карантин жарияланды. Сол кітапқа қарап тұрып: «Міне, саған да кезек келді!» деп ойладым. Бұл Генри Марштың «Не навреди» деген шығармасы. Ауыр науқастарға ота жасайтын әлемге әйгілі нейрохирург дәрігердің хикаялары... Менің мамандығымда ең жаманы – ең маңызды сәтті түсіріп алмау. Үйлену тойыңыз, перзентханадан шыққан кез, балаңыздың өмірдегі алғашқы сәттерін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Менің жұмысым  - сол сәттерді сақтап қалу. Ал оның міндеті - адам өмірін сақтап қалу. «Қателік жіберіп немесе өзгенің қатесін көріп, «қателеспейтін адам болмайды» деп өзімізді жұбатып жатамыз. Ал осы сөздермен салғырттықтан жапа шеккенді жұбата аламыз ба? Осындайда көмектесе алмаған дәрігерді сабырға шақыруға бола ма?». Генри Марш бұл оқиғаларды өзі еңбек еткен жылдар бойы жинаған. Бұл кітап көп нәрсеге көзіңді ашады.


Айтпақшы, ЛитРес онлайн кітапханасының сайты мен қосымша жүктемесінде промокод арқылы көптеген шығармаларды тегін жүктеп алуға болады.  Промокодтарды осы жерге сала кетейін: sberbankyoung , Mnogoru2603,phantomforever, SBERBANKYOUNG, GOROD2303, SUSHISHOP, LITRESDODO, STUDENT225, book24birthday, 3119883621040641, MASTERCARD2020.

ЛитРес сайтына міндетті түрде тіркелу қажет, әйтпесе уақытыңызды босқа жұмсайсыз.

«РИА Новостидің» ақпаратына сүйенсек, Джордж Оруэлдің «1984»  антиутопиясы, Джен Синсероның «НИ СЫ» және Андрей Сафроновтың «Суперпамять за семь шагов» атты шығармалары көрші отырған ресейліктердің сұранысына ие болып, үштікке енген.


«МЕНІҢ ЖҰМЫС ОРНЫМ – АС ҮЙ»

Лаура – PR-маман

- 90 жылдардың аяғында нанды үйден осылай жиі пісіретін едім. Ол кезде біз жаңадан үйленіп, өзімізге хан сарайындай болған бір бөлмелі пәтер сатып алғанбыз және табысымызды үнемдедік. Кейін үш бөлмелі пәтерге кеңейттік, ал қазір үлкен жеке үйде тұрып жатырмыз. Бірақ сол бір бөлмелі пәтер әлі күнге есімнен кетпейді. Қыздарымыз дүниеге келгенде, шкаф, кереует, манеж және сөрелерден айналатын жер болмай қалды. Оның үстіне бесік пен кіреберісте коляска тұратын. Алғашқы жабыстырған түсқағазымыз (жолдасым екеуіміз сол кезде ажырасып кете жаздағанбыз), шағын газовка және онда алғаш дайындалған тағам – қуырылған ет пен қарақұмық ботқасы – әлі есімде.

...Сол естеліктер қазір ноутбукпен жұмыс істейтін кеңсеме айналған асүйде жүрген менің бойыма бір жылулық ұялатады. Бәрі жақсы болады.


#STAYHOME

Коронавирус біздің өмірімізді қатты өзгертіп жіберді. Бірақ, бұл жағдайға басқа қырынан қарап көрейік. Жаман ойлардан арылып, аяқ астынан пайда болған бұл «демалысты» көптен кейінге қалдырып жүрген ойларымызды, шаруаларымызды іске асыруға жақсы мүмкіндік деп есептейік. Тағы бір көңілге түйетін нәрсе – мұның бәрі уақытша, жақсылыққа бірге жетеміз. Ең бастысы – үйде болыңыз.

Анастасия АЛЮШИНА

Суреттер ашық дереккөзден алынды

6 сәуір 2020, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.