Атырауда мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен жергілікті үш тұрғын қамауға алынды. Оның бірі қашуға әрекет жасаса, арақ ішкен екеуі полиция қызметкерлерін балағаттаған.
2 сәуірде ұрлыққа қатысты істі тергеп жүрген Полиция департаментінің қызметкерлері 40 жастағы тұрғынның үйіне келеді. Алайда, Қостанай облысының тумасы олардан қашуға әрекет жасайды.
Сот отырысында құқықбұзушы өзінің кінәсін толық мойындайды. Прокурор Ерік МҰХАМБЕТОВ соттан оны ҚР ӘҚБтК 478-бабымен (Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер) кінәлі деп тауып, 30 тәулікке қамауға алу жазасын қолдануды сұрайды. Судья Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ 20 тәулікке қамауға алумен шектелді.
Содан кейін жанар-жағар май құю бекетінде жұмыс жасайтын 27 жастағы Нұрсая ықшамауданының тұрғынына қатысты іс қаралды. Полиция оны 3 сәуірде кешкі сағат 21.00-ден кейін Авангард ықшамауданындағы көпқабатты үйдің ауласында мас күйінде жүргенін байқап қалған. Жігіт өзін ұстап алғанға наразылық танытып, полицияға тіл тигізген. Прокурор Асқар САДЫҚОВ сотқа оны ҚР ӘҚБтК 478-бабы (Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер) бойынша айыпты деп танып, 20 тәулікке қамауға өтініш берді. Судья бір жолға бес күн жаза тағайындады.
Тағы бір іс. 4 сәуір күні 33 жастағы Привокзальный ықшамауданының тұрғыны көшеде мас болып, полицияның назарына ілікті. Ол да сотта өз кінәсін мойындады. Прокурор соттан оны ҚР ӘҚБтК 476-бабының 6-тармағы (Төтенше жағдай режимiн бұзу, оның ішінде карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу) бойынша айыптап, 15 тәулікке қамауға алуды сұраса, сот 10 тәулік жаза белгіледі.
- ҚР ӘҚБтК-нің 57-бабының 9-тармағына (Төтенше жағдайлар кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау) сәйкес, Төтенше жағдай кезінде жасаған құқықбұзушылық жауаптылықты ауырлататын мән-жайға жатады, - деп судья Жақсылық тағы да ескертіп, азаматтарды үйде отырып, заң талаптарын бұзбауға шақырды.
Фархат ӘБІЛОВ