Атырауда екі аптадан бері зімбір мен лимон күрт қымбаттап кетті. Бұрын қала базарларында зімбірдің бір келісі орташа алғанда 1300-1600 теңге болса, енді 12 мың теңге болды. Кей жерде тіптен одан да қымбат, адамдар соған қарамастан сатып алып жатыр. Ал лимон 1300-ден 3 мың теңгеге дейін қымбаттады. Бұған зімбір мен лимон коронавирустан қорғайды деген әлеуметтік желіде тараған хабарламалар түрткі болды.
- Мен бұрын арасында зімбір қосылған шай ішкенді жақсы көретінмін, ал енді қара уылдырықтың бағасындай болып кетті, - дейді қала тұрғыны Жаңылсын.
Жергілікті супермаркеттердің бірінің директоры маған зімбір мен лимон бағасының күрт көтерілгенін олардың тапшылығымен және жеткізушінің бағаны көтеріп жібергенімен түсіндірді. Осыған орай облыстық әкімдікке қоңырау шалдым. Ондағылар зімбірдің маңызды азық-түлікке жатпайтынын, сондықтан оның бағасын реттей алмайтындарын айтты.
Бір қызығы, ДСҰ сияқты құрметті ұйым да қазір осы секілді пікірде. Мамандар зімбірді COVID-19 індетінің алдын алу немесе емдеуде өте тиімді деп асыра бағаламауды сұрайды.
- Фенхельмен, зімбірмен немесе лимонмен емдеу секілді әдістері бар жандарға оларды қолданып, денсаулығыңызды күтуді жалғастыра беріңіздер, бірақ еш дәлелсіз дертке дауа екен деп сендірмеуге кеңес беремін, - дейді ДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарлама директоры Майкл РАЙАН.
Зімбір де, лимон да, басқасы да жаман болмас. Бастысы – дүрлікпей, үйден шыққан кезде маска мен қолғап киіп, қолыңызды сабынмен жиі жуу (20 секундтан аз емес) керек.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор