Атырау облысында 129 589 оқушы бар. Олардың басым көпшілігі интернеттің көмегімен қашықтан оқуға кіріседі. «Қазпошта» Құрманғазы ауданының шалғай елді мекеніндегі 250 оқушыға үй тапсырмасын жеткізуге көмектеседі. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА айтты.
7172 отбасы үйлерінде компьютер жоқ екенін хабарлады. Жергілікті биліктің есебіне сәйкес, аудандарда бұл мәселе жергілікті мектептегі компьютерлер арқылы шешілді. Оқу орындары өз балансындағы кеңсе техникаларын балаларға уақытша қолдануға берген. Облыс орталығында 3869 отбасындағы 7738 балаға компьютер қажет. 2710 компьютерді шетелдік компаниялар демеушілік көмек ретінде ұсынды. Жергілікті бюджет тағы 2200-ін сатып алуды жоспарлап отыр. Көпбалалы отбасыларға екі компьютерден беруге жұмыстанады.
- Облысымыздағы 17 мектеп шалғай ауылда орналасқан. Оларға сабақтарын әдеттегі режимде жалғастыруына болар еді. Бірақ оларды қашықтан оқытуға шешім қабылданды, - деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже ИСАНБЕРГЕНОВА.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАҢГЕРЕЕВАНЫҢ айтуынша, Атырау қаласында 69 мыңнан астам оқушы бар. Сынып жетекшілері алдағы аптаның сабақ кестесін оқушыларға таратқан. Балаларда қатаң сабақ кестесі болмайды, бұл жеке – интернеттің жылдамдығы мен техникалық мүмкіндіктерге қарай оқуға болады деген сөз. Мәселен, көп отбасында бірнеше баладан бар, компьютер бәріне бірдей жете бермейді. Сондықтан кезектесіп оқуға тура келеді.
Бұдан бұрын тікелей эфирде білім министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТЕН ата-аналар тоқсан бойынша және бөлім бойынша жиынтық бағалау қалай жүргізілетіндігін сұраған еді. Өйткені кей сабақтар, мәселен, тіл үйрену бойынша – оқу, дұрыс жазу, дыбыстау секілді бірнеше параметр бойынша бағаланады. Министр бұл мәселені қазір Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы талқылап жатқанын айтты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА