Атырау облысында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасындағы 2 мыңнан астам балаға 5567 теңге төленді. Бұл туралы онлайн-брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік ҚАМИДОЛЛА мәлімдеді.
- Бүгінгі таңда облыста 797 отбасындағы 2032 балаға 11,3 миллион теңге төленді. Олардың барлығы АӘК алатын отбасының балалары. Төтенше жағдай кезінде мемлекет азық-түлік алу үшін екі АЕК көлемінде қаражат бөліп, оларды қосымша қолдау туралы шешім қабылдады, - деді С.Қамидолла.
Бұдан басқа, коронавирус пандемиясы кезінде әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санаты кеңейе түсті. Қазір 7 санат бойынша мұқтаж адамның тізімі жасалуда: аз қамтылған көп балалы отбасылар; мұқтаж мүгедектер; мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар; ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер; жетім балалар; Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген тыл ардагерлері.
Әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне жүгіну үшін үйден арнайы шығудың қажеті жоқ, ықтимал алушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар қарастырып жатыр.
- Электрондық үкімет порталында 42 500 теңге көмекті алуға өтініш бере алмай жатқан адамдардан көп шағым түсіп жатыр. Қазіргі уақытта порталға түсіп жатқан жүктеме көп. Бірақ жақын арада бұл төлемге арналған жеке портал ашылып, осы тақырыптағы сұрақтарға жауап беретін телеграмм-бот іске қосылады. Жаңа арналардың ашылуы туралы қосымша хабарлаймыз, - дейді С.Қамидолла. – Тағы бір жаңалық - электронды қолтаңбасы жоқтарға оны рәсімдеудің қажеті жоқ. Адам көмек алуға өтініш берген кезде оған жеке мәліметтерін, телефон нөмірін көрсету керек. Осы номірге жеке код келеді. Ол электрондық қолтаңбаны алмастырады. Егер құжаттар дұрыс болса, ақша өтініш берілген күннен бастап үш күн өткен соң төленуі тиіс.
Ол сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында төтенше жағдай кезінде қабылданған шаралар туралы айтып берді. Біздің облыста оны жүзеге асыруға 35 миллиард теңге бөлініп, шамамен 6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Белгіленген 64 нысанға жұмысшылар тартылады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА