Атыраудағы сотталғандар туыстарымен енді бейнебайланыс арқылы сөйлеcетін болды. Осы және коронавирусқа байланысты басқа да жаңадан енгізілген қызметтер туралы «АЖ» тілшісіне түзету мекемесінің басшылары айтып берді.
- Бейнеқоңыраулар елде коронавирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Жазасын өтеп жатқан туғанын көру үшін жүздеген, кейде мыңдаған шақырымды артқа тастаудың, шығынданудың да қажеті жоқ. Еліміздің шалғай аймақтарында тұратындар осындай бейнекездесулер арқылы жақындарына қолдау көрсете алады. Сотталғандар әлеуметтік пайдалы байланыстан қол үзбейді және бұл олардың психологиялық жағдайына оң әсер етеді, - дейді УГ-157/9 (ерлерді түзету колониясы) мекемесінің бастығы Думан ТАЖЕНОВ.
- Мен бүгін анаммен сөйлестім. Оны ұзақ уақыттан бері көріп тұрғаным, - дейді сотталған Андрей. – Бір-біріміздің жағдайымызды біліп, отбасымдағы жаңалықтарды естідім. Осындай мүмкіндік берген мекеме әкімшілігіне алғыс айтамын.
Атырауда қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты тергеу мекемесінің екеуінде де тазалық күшейтіліп, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
- Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін толық залалсыздандыру үшін бір ЖШС-мен келісімшарт жасасқанбыз. Барлық бөлме, асхана, өндірістік нысандар, санитарлық бөлме вирус тарамас үшін арнайы хлор қосылған сұйықтықпен өңделіп тұрады, - деп хабарлады ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.
-Мекеменің кіре берісіндегі бақылап өткізу бекетінде сақтық шаралары жүргізіліп жатыр, - дейді УГ-157/11 (әйелдер түзету колониясы) бастығы Нұрлан ПӘУЕДЕНҰЛЫ. - Сырттан келген келушілердің, мекеме қызметкерлерінің дене қызуын өлшеп, қалыпты болған жағдайда ғана ішке кіргізеді. Антисептикалық ерітінділер қойылған.
-Осы бекеттегі жұмысқа жауапты үш қызметкер, арнайы көп реттік бетперделермен жеке қорғаныс үшін медициналық киім үлгісі жабдығымен қамтамасыз етілген, - дейді УГ-157/1 (тергеу изоляторы) бастығының орынбасары Мейірбек ОРАЗҒАЛИЕВ.
Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметінде атап өткендей, департаментке қарасты мекеме қорғаныс маскаларымен толық қамтылған.
Фархат ӘБІЛОВ
ҚАЖД баспасөз қызметі ұсынған сурет