Атырау, 22 қараша 16:38
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырау кешкі жетіден соң

Сурет Бейнежазба
6 895 просмотра


Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, карантин кезінде үйден шықпаған жөн. Тек жұмысқа баруға, азық-түлік, аса қажетті заттар, дәрі-дәрмек алуға шығуға рұқсат етілген. Ал кешкі сағат 19:00 кейін жүру үшін қала әкімдігінің рұқсаты қажет болады.  Біздің тілшіміз кеше кешкісін Атырау көшелерін полициямен бірге аралады.

 


ПОЛИЦИЯНЫҢ ӨЗІ ЖАРТЫ МЫҢ АДАМ

Карантин кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында және қала бойынша енгізілген уақытша шектеулерді сақтау үшін 674 қызметкер, оның ішінде 500 полиция қызметкері, 94 ұлттық гвардияшылар және 80 сарбаз жұмылдырылған.



Полиция бұрынғыдай ауысыммен жұмыс жасайды, ал төтенше жағдай кезінде күшейтілген режимде қызмет атқаруда.



- Әзірге ешкімге айыппұл салмаймыз, жүргізушілерді коронавирус инфекциясының таралу қаупі туралы ескертеміз, - дейді қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ. – Бірі түсініп жатса, ал кейбіреуі біздің қызметкерімізбен салғаласады. Енді айыппұл салатын боламыз, себебі еш себепсіз жүрген адамдар бар. Не үшін? Үйде отырсаңызшы!

Ерлан БИҒАМБАЕВ

- Менің қызым ауырып қалды, дәрі алайын деп шықтым. Балықшыдағы дәріханалардан таба алмағасын, орталыққа бара жатырмын. Содан кейін, әрине, бірден үйге барамын, - дейді "Kia Rio» жүргізушісі Мейірбек.


Ал, Сайран есімді жас жігіт бұл қиын уақытта пайда тауып такси болып жүргенін полициядан жасырмады:

-Отбасымды асырау үшін такси болып жүрмін. Негізі мен ұялы телефонның қосалқы жабдықтарын сатушысымын, карантиннің кесірінен менің бутик жабылып, мен жұмыссыз әрі табыссыз қалдым.  Не істеуім керек? Міне, такси болуға шықтым.

- Жөніңізді айтып жатырсыз, рахмет. Бірақ қазір үйге барғаныңыз дұрыс, әйтпесе келесі жолы хаттама толтырамыз, - деп ескертті полиция қызметкері.



Келесі жолы патрульдік полиция азық-түлік жеткізушісін тоқтатты. Ол тапсырыс берушінің үйіне суши жеткізуге шықты деген анықтаманы көрсетті. Полиция қызметкерлері  оған тек 20:00 дейін жұмыс істеуі керек деп ескертті. Айтпақшы, кәсіпкерлер, қазір «АЖ» өз сайтында дайын ас, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізушілердің жарнамасын тегін жариялайтынын естеріңізге саламыз.

Қала тұрғындары қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде полицейлер дауыс хабарламалары арқылы үйде қалуға шақырғанын  жүктеп, таратуда. «Таңда да оятқыш орнына дауыс хабарламаларын айтуды ұмытпаңыз» деп адамдар да әзілдеп қояды.

- Полиция қызметкерлері күн сайын төтенше жағдай режимі мен карантин туралы хабарлайды. Қала бойынша полиция департаментінің арнайы көліктері ескаертіп жүреді, - деп түсіндірді Биғамбаев.

 

ПРОКУРОРДЫ ТЕК СОТТА КЕЗДЕСТІРМЕЙСІҢ


Прокуратура құрған мобильдік топ ТЖ режимін бұзған жағдайды анықтады: қалада саунаның бірі жұмыс істеп тұр. Сауна иесі тыйым салынғаны туралы естіген жоқпын деп ақталды. Көкем-ау, сен қандай планетада өмір сүріп жатырсың? Прокурор Ерлан КӘКИЕВ полиция қызметкерлерімен бірге ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша хаттама толтырып, істі әкімшілік сотқа жолдайды.

- Қала аумағында төтенше жағдай режимін бұзу фактілері әлі де анықталуда. Тұрғындарды халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантиннің барлық шарттарын сақтауға шақырамыз, - деп мәлімдеді Кәкиев.

Сондай-ақ прокурорлар көпшілікке белгілі «ДоДо пицца» пиццериясы сағат 20:00-ден кейін пицца жеткізуді жалғастырғаны анықтады – ол да тәртіп бұзды. ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармағы (Карантинді және басқа да міндетті санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, прокуратураның мобильдік тобы ТЖ режимінің сақталуын және қалада орнатылған карантин режимін үнемі тексеріп жүреді. Қазір 40-тан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Атап айтқанда, бұл гүл сату орындарының жұмысы (3), азық-түлік дүкен сатушыларының карантин кезінде санитарлық нормаларды сақтамауы (8).  Олар «Юность» аялдамасы маңындағы гүл сататаны орындар және «Әлия» «Сәния», «Зұлпат», «Райхан», «Шах», «Айнұр», «Тамыз», «Самет», «Тамин Арт» дүкендері. Қазіргі «Шах» дүкенінің иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Басқа тәртіп бұзушыларға да шара қолданылуда, - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.



 

БӘРІ ӨТЕДІ ДЕ КЕТЕДІ


Уақыт түнгі екі болды, басқа қызметте жүргендерге қарағанда менің ұйқым келді. Атырау көшелеріне қарасаң, қалада тіршілік жоқ сияқты. Шынымды айтсам, бұл тыныштықтан көңілің құлазиды екен. Бірақ қайтеміз? Тек осылай ғана қарғыс атқыр вирусты жеңе аламыз. Біз әлі де көшеде көңілді адамдар серуендеп, қала көшелерінде көліктер жүйіткігенін көретінімізге сенімдімін. Тек бұл кезеңді бастан өткеруіміз  керек.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

3 сәуір 2020, 11:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.