Атырауға кіріп-шығуға толықтай тыйым салынған алғашқы күннің өзінде 6 адамның кіреберісте орнатылған жабық бекетті айналып өтпек болғаны анықталды.
- 2 сәуірде түнгі сағат 00.30-да (қаланы толық жапқаннан кейінгі жарты сағатта) полиция карантин аймағынан Индерге қарай жаяу шыққан ер адамды ұстап алды. Оны Атырау-Орал тас жолына жақын Алмалы ауылының тұсында тоқтатқан, - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Тәртіпті бұзған 34 жастағы Өзбекстан азаматы әкімшілік соттың қаулысымен 5 тәулікке қамауға алынды.
- Қалған бесеуі күндіз ұсталды. Төтенше жағдай режимін бұзғандардың ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Сарыөзек және Алмалы ауылы тұсындағы жабық бекеттерден жеңіл көлікпен айналып өтіп кетуге тырысқан. Тәртіп бұзғандарға әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді, - деп хабарлады ПД.
Фархат ӘБІЛОВ