Индер ауданында ұн жоқ. Ұн іздеген адамдар сауда орындарында кезіп жүр.
Көтерме сауда орны «Қалқаман» дүкенінде «Астық жоқ» деген жазу ілініп тұрды.
-Бізге азық-түлік Батыс Қазақстан облысынан келеді, - дейді дүкен қызметкері Ирина СЕРГЕЕВА. - Көлік кеткеніне бір апта болды, әлі келер емес. Бұрын 5-6 тоннадай ұн алатынбыз, енді бір тонна келсе де риза болар едік. Ұнның таусылғанына төрт күн болды.
«Дәулет нан» мекемесінің ұн және ұн өнімдерін сататын Индербор кентінде төрт нүктесі орналасқан. Нан 85 теңгеден сатылуда. Бірақ ұн жоқ.
- Кеше бізге елу қап 25 келелік ұн келген. Оны халық бірден алып кетті. Енші қашан келетінін білмеймін, - дейді сатушы әйел.
- 31 наурызда 5 тонна ұн келген. Тез өтіп кетті,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВ. - Біз үш машинаны ұн алып келуге Орал қаласына жібердік. Атырауға да ұнға сұраныс беріп отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА