NCOC консорциумының басқарушы директоры Ричард ХОУВ коронавирус пандемиясына және мұнай бағасының құлдырауына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Хоув мырза өз сөзінде «Қашаған кен орнын пайдалану циклі ондаған жылдарды құрайды, сондықтан оны қысқа мерзімді экономикалық ахуал тұрғысынан емес, ұзақ мерзімді перспективада қарастырған жөн» деп атап өтті.
Бүгінде компания қызметкерлерінің арасында COVID-19 індетін жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ. 16 наурыздан бастап қызметкерлерді біртіндеп үйден жұмыс істеу режиміне көшіре бастады. Қызметкерлердің басым көпшілігі жұмыс деңгейі немесе жалақысы сақталып, қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Вахтамен жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс істеу шарттары да ретке келтірілді. Теңіз және құрлық кешендерінің өндірістік учаскелерінде ауру жұқтыру қаупін болдырмау үшін оған кіру қатаң шектелді, ол жақта тек негізгі қызметкерлер - 2500 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Олар үшін денсаулық сақтаудың қосымша шаралары енгізілуде. Қызметкерлердің барлығына жақсы жағдай жасалған, тамақпен, демалу уақытымен және т.б. қамтылған.
Естеріңізге салсақ, жақында Қашаған кенішінде жабдықтағы ақау салдарынан мұнай өндірісі азайып кеткен еді. Осыған байланысты NCOC «АЖ» сауалына былай деп жауап жолдады:
«Жалпы, өндірістік операциялардың сенімділігі жоғары болып қала береді. Қандай да бір себептермен, оның ішінде техникалық қызмет көрсету жұмыстарына байланысты күнделікті өндіріс көлемінің азаюы - табиғи құбылыс, бұл өндірісті жоспарлау кезінде ескеріледі. Қазіргі уақытта көлем бұрынғы деңгейге жеткізілді».
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА