Атырауда Төтенше жағдай кезеңінде сауда орталығы мен базардағы жұмысын тоқтатқан бутик иелерінен жалдау ақысы алынбауы тиіс.
«АЖ»-ға Атыраудың бір базарынан тігін шеберханасына деп орын жалға алып отырған бір кәсіпкер хабарласты. Оның айтуынша, базар әкімшілігі жалға алушыларға Атырауда енгізілген карантинге байланысты жұмысты тоқтатуына қарамастан бір айлық жалдау ақысын төлеуі қажет деп ескерткен.
-Кәсіпкер бутикті тек пайдаланған күндері үшін ақы төлеуі тиіс. Қазір карантин енгізілді, азық-түлік сататындардан басқа сауда нүктелерінің жұмысы тоқтап тұр. Бұл кезеңге жалға беру ақысы алынбауы қажет, - деп түсіндірді жағдайды кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын ЕЛЕУСІЗОВ.
-Форс-мажорлық жағдаят болып есептелетін Төтенше жағдай кезеңінде келісімшартта бұрын қарастырылған барлық талаптар өз күшін жояды, - дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА