Атырау, 27 желтоқсан 02:58
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Челахтың анасы бейнежазбаға өз сараптамасын жасағысы келеді

2 095 просмотра

Челахтың анасы айыпталушы тергеу абақтысына қамалған уақытта, оның камерасында жасырын түсірілген бейнежазбаға өз сараптамасын жасағысы келеді. Ол жазбаның шынайы екеніне күмән келтіреді, деп хабарлады BNews.kz тілшісі.

Бүгін Талдықорғанда  «Арқанкерген» шекара бекетіндегі оқиғаға қатысты өтіп жатқан сот отырысында Челахтың анасы айыпталушы тергеу абақтысына қамалған уақытта, оның камерасында жасырын түсірілген бейнежазбаға өз сараптамасын жасағысы келетінін жеткізді. Оның айтуынша, жазбадағы дыбыстың сапасы төмен болғандықтан, шын мәнінде, Челахтың дауысын ажырату қиын.

Светлана Ващенко бұл өтінішін ауызша жасады, өйткені ол сотқа тек қатысушы ғана болып табылады.

Еске сала кетейік, кеше сот отырысының үшінші күні, Челахтың тергеу абақтысына қамалған уақытта, оның камерасында жасырын түсірілген бейнежазбаны көрсетуге судья рұқсат берген кезде, айыпталушы өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Қарауыл дер кезінде оны тоқтатып, өзіне жарақат салуға жол бермеді. Ал түстен кейін жалғасқан отырыста қорғаушы Челахтың сотқа қатысудан бас тартқанын жеткізді. Заң бойынша айыпталушы сотқа қатысудан бас тартқан кезде, отырыс оның қорғаушысының қатысуымен жалғаса береді. Алдағы уақытта Челах ниет білдірсе, оған сотқа қатысуға мүмкіндік беріледі.

Күннің екінші жартысында сотқа қатысушылардың назарына Челах тергеу абақтысына қамалған кезде, оның камерасында жасырын түсірілген бейнежазба ұсынылды. Бейнежазбада ол қылмысты қалай жасағанын бірге отырған камераласына егжей-тегжейлі әңгімелейді. 15 адамды қалай өлтіргенін, бекетті қалайша өртегені және қашып тығылып жүрген кезін, мұнымен қатар қалай қолға түскенін оған жайбарақат айтып береді.

Сот отырысы аяқталғаннан кейін, журналистерге берген сұхбат кезінде «Арқанкергенде» мерт болған бірнеше шекарашының ата-аналары мен туғандары «Күмәніміз қалмады, Челах өлтірді баламызды» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ кеше сотта адвокат Сәрсенов Челахтың психикалық жағдайын тексеру үшін жаңа медициналық сараптама тағайындауды сұрады. Судья барлық тараптардың пікірін ескере келе, қорғаушының өтінішін қанағаттандырмады.

Дереккөз: bnews.kz

22 қараша 2012, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.