«Дина» базарында және көршілес «Хозторг» сауда орнында адамдар жаппай сатып алып жатқандықтан ұн мен қант қоры азайып жатыр, олардың бағалары да өсуде. Бұл туралы брифингте Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабек ҚАРАЖАНОВ мәлімдеді.
- Біз әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарына күн сайын мониторинг жүргіземіз. Иә, қор азайып жатыр, мысалы, қазір Ресейден өсімдік майы жеткізілмейді, сондықтан оның бағасы 5 литр үшін 2050 теңгеден 2460 теңгеге дейін көтерілді. Бірақ біз отандық өндірістегі майдың бағасын бақылауда ұстаймыз, - деді Қаражанов.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ қазір азық-түлік бағасын бір орында ұстап тұру оңай еместігін атап өтті, бірақ «жалпы жағдай бақылауда» деп сендірді.
- Республика бойынша бүкіл облыс пен министрліктердің өкілдері кіретін чат ашылды, ол жерде азық-түлік жеткізу мәселесін жедел шешуге тырысамыз.
Әкім орынбасарының айтуынша, қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 800 тонна өнім бар. Олар Атырауда 4 жерде - «Дина», «Көктем», «Насиха» және «Сарайшық» базарларында сатылады. 9 наубайханаға жеткізілетін 520 тонна ұн бар.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ облыстық бюджеттен сәуір айынан бастап тұрақтандыру қорына ең қажетті тауарлар сатып алынатын қаражат бөлінгенін айтты.
Шын мәнінде, азық-түлік бағасы қымбаттап жатыр, ал тұрғындар наразы. Журналистер бұл жағдайда биліктің нақты қандай шаралар алатынын сұрады. Сол кезде Нәутиев үкіметтің қазір барлық өңірде «19 тізіміндегі» өнімдерге белгіленген бағаны қою мәселесін қарастырып жатқандығын айтты. Егер мұндай қаулы шығарылса, онда оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА