COVID-19 індетімен күресуде жергілікті денсаулық сақтау жүйесін қолдау мақсатында NCOC компаниясы коронавирус жұқтырған науқастар емделіп жатқан Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ультразаманауи қарқынды терапия жабдықтарын, өкпені жасанды желдету аппараттарын жеткізді.
Компаниядағылар түсіндіргендей, бұл аппараттар өкпені жасанды желдетуді қажет ететін ауыр науқастарға көмектеседі.
Бұдан басқа, NCOC жергілікті дәрігерлерге көптеген дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарын тапсырды.
Жабдықтардың тізімінде 6 жасанды желдету аппараты, 2 ЭКГ аппараты, 1 тасымалды ультрадыбыстық аппарат, қарқынды терапия бөлмесіне арналған 6 кереует, жылжымалы кереуеттер, әртүрлі анализаторлар, монитор және тағы басқалары.
Сондай-ақ, медицина қызметкерлері қосымша жеке қорғану, санитарлық тазалық, медициналық қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. 31 наурыз күніне барлық сатып алған құрал-жабдықтардың құны 1 млрд теңгедей болды. Олардың басым бөлігі жеткізілді, қалғаны жолда келеді.
«Біз мұнымен шектелмейміз. Қазір Атыраудағы үш ауруханаға қажетті медицина құралдарына қосымша тапсырыс бердік. Компания халықаралық дәрежедегі екі дәрігер шақыртып, қазір олар облыстық ауруханада қызмет етуде», деп хабарлады компания.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА