Атырау, 27 желтоқсан 03:38
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Діннің қоғамдағы рөлі мен міндетін қайта қарау қажет – дінтанушы

8 136 просмотра

Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан «Қазіргі кезеңдегі терроризмге қарсы іс-қимыл» атты жыл сайынғы бірінші конференция барысында «Әзірет Сұлтан» мешіті бас имамының орынбасары, дінтану магистрі Қуат Минуаров теориялық һәм тәжірибелік тұрғыда діннің қоғамдағы рөлін қайта қарау қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Соңғы бір жылда орын алған қанды қырғындар мен жарылыстар онсыз да кетеуі кетіп тұрған дін мәселесін тіптен шиеленістіріп жіберді. Осыған байланысты теориялық һәм тәжірибелік тұрғыда діннің қоғамдағы рөлі мен міндетін қайта қарауымыз қажет болып отыр. Ендеше, «заманым кеден болды, кедергі неден болды» демекші мәселенің түп-негізі қайда жатыр? Жалпы, діннің асыл қызметі не? Хақ дінді қалай тани аламыз? Діни алауыздықты тудырып жүргендер кімдер? Олармен қалай күресуге болады?»- деген Қ.Ерғалиұлы бүгін осы мәселелердің жауабын іздеп көрсек деген ойын жеткізді.

«Біріншіден, қоғамдағы әлеуметтік-мәдени сана мен рухани-сенім жүйесі «дін» деп аталса, сол діннің қоғамдық рөлі бүгінгі күні қандай деңгейде деген мәселеге жауап беріп көрсек. Задында, дінтану ілімі бойынша, діннің қоғамда атқарар рөлі сан-қырлы. Дін дұрыс дүниетаным мен эстетикалық талғам қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, әлеуметтік қатынастарды реттеуге, ортақ наным-сенім өкілдерінің бір-бірімен араласуына, тіл табысуына, бейбіт өмірді қамтамасыз етіп, татулық пен тыныштыққа қызмет етуі керек. Алайда дінге дұрыс көңіл бөлінбеген жағдайда дін қоғамда интеграциялық рөлден гөрі дезинтеграцияға көбірек жол ашатыны белгілі. Ондайда елде тұрақсыздық пен жікке бөлінушілік, өзге сенім иесін бөтенсу ксенофобия белең алып, ол келе-келе саяси жүйеге де кері әсерін тигізбей қоймайды», - дей отыра дінтанушы қазіргі уақытта діни алауыздық неден туындап отырғанына тоқталды.

«Республикалық саяси-басқару құрылымында Мемлекет басшысы христиан-маронит, премьер-министрі мұсылман-суннит, парламент спикері мұсылман-шейіттен тағайындалатын Ливандағы тым күрделі жағдай осының көрінісі. Яғни, айтпағым, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде дін мәселесіне селқос қаралғандықтан, республикамызға түрлі ағымдардың сыналап еніп, осының салдарынан қазіргі уақытта діни алауыздық туындап отыр», - дейді Қуат Ерғалиұлы.

Дереккөз: bnews.kz

22 қараша 2012, 13:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.