Ресейде COVID-19 вирусын жұқтырғандар үшін арнайы аурухана салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
80 мың шаршы метрлік жаңа ғимарат 500 науқасты қабылдауға арналған. Онда ауруы асқынған науқастарды емдеу жоспарланып отыр. Айта кетейік, бүгінде Ресейде 8 адам коронавирус құрбаны болды. 1 жарым мыңдай азамат инфекцияға шалдыққан. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш Қытаймен шекаралас ел үшін өте аз.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ресейдегі өкілі Мелита Вуйновичтің сөзінше, адам шығынының аз болуын биліктің індетке қарсы шұғыл әрекет етуімен байланыстыру қажет.
Мелита Вуйнович, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ресейдегі өкілі:
– Бұл емханаға жағдайы ауыр науқастар жатқызылады. Жалпы, вирус жұқтырғандардың бәріне 500 орындық аурухана жетпеуі мүмкін. Сондықтан, оған қосымша ретінде Мәскеудегі ауруханалардан тағы 13 мың орын қарастырылған.
Дереккөз: 24.kz