Бұл туралы армия өкіліне сілтеме жасап Ресей Жаңалықтар агенттігі хабарлады.
Осылайша, ЦАХАЛ палестина жауынгерлерімен болған бір апта бойғы соққылармен алмасулардан кейін мемлекет басшылығының бітімге келу туралы шешімін орындауда.
Бітімге келу туралы жаңалық Газаның көшелеріне ондаған мың адамның шығуына себеп болды. Көптеген шығындарға қарамастан, палестиналықтар өздерінің жеңісіне сенімді. Адамдар өздерінің қуаныштарын көкке оқ ату, билеу, көліктерден дыбыс беру арқылы білдіруде. «Палестина халқы жеңді. Біз келісім жасай отырып жеңіске жеттік, себебі, оның талаптары - біздің жақта», деп жеткізді өзінің қуанышты сезімдерін жас тұрғын Мұхаммед.
Бітімге келу туралы келісімді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, сондай-ақ Еуропалық кеңес пен Еурокомиссияның төрағалары Херман ван Ромпей мен Жозе Мануэл Баррозу қолдады.
Израиль мен ХАМАС қозғалысы сарбаздарының Газа секторындағы қарсылықтары израильдік армия «Облачный столп» операциясын бастаған 14 қараша күннен бастап жалғасты. Израиль жерден, әуеден және теңізден қашықтықтан жіберген соққыларымен палестина аумағындағы жүздеген «террористік белсенді нысанды» шабуылдады. Бомбалаулар Газа секторының 160-қа жуық тұрғынының өмірін қиды. Палестиналықтардың жауапты соққыларының салдарынан бес израильдік азамат мерт болды.
Тель-Авив төрт жыл ішінде бірінші рет өз армиясына 75 мың солдат-резервисті тартуға рұқсат беріп, анклавқа құрлықтық әскерді енгізуге дайын болды. Дегенмен, жер үстімен басып кіру болмады. Израиль қорғаныс министрі Эхуд Барак палестиналықтар бітімгерлік келісімін бұзған жағдайда, израиль армиясы бұдан да зор күштерді қолдануға дайын екендігін ескертті.
Дереккөз: inform.kz