Өткен жылдың соңында коронавирус тараған Қытайда билік COVID-19 инфекциясының таралуын тоқтатқанын мәлімдеді. Қытай билігінің айтуынша, соңғы күндері тек ондаған адамнан коронавирус табылған және олардың басым бөлігі - шетел азаматтары. Эпидемия ушықан кезде Қытайда күніне мыңдаған адамнан вирус табылған болатын.
Мемлекеттік Синхуа агенттінінің хабарлауынша, шамамен үш мың адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Шамамен 70 мыңнан астам адам айығып, үш мыңдай адам қайтыс болған. Соңғы тәулікте коронавирустан үш адам қайтыс болған.
Бірнеше күн бұрын АҚШ пен Италия вирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан алға шығып кеткен.
Алайда Қытай билігі шетел азаматтарынан вирус табылып жатқандықтан эпидемияның екінші толқыны болуы мүмкін деп қауіптенеді. Бірнеше күн бұрын Қытай шетел азаматтарын кіргізуді тоқтатқан. Британдық Guardian газеті Қытай шетел азаматары вирус әкелуі мүмкін деп қауіптенетінін жазған.
Қытайдың ресми ақпаратына қарағанда, эпидемия ошағы саналған Ухань қаласында карантин шаралары алына бастаған. Ухань мен бірқатар қалалар арасында әуе байланысы қалпына келтірілген. Қалада метро істей бастаған. 8 сәуірден бастап қала тұрғындары еркін жүріп-тұра алады.
Батыс ақпарат құралдары мен кей сарапшылар Қытай билігінің вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санына байланысты ресми мәліметіне күдікпен қарайды. Жергілікті дәрігерлердің статистика азайтылып көрсетілді деген айғақ-пікірлері бар. Қытайдағы статистиканың дұрыстығын дәлелдеген тәуелсіз дереккөз жоқ. Коронавирус туралы ақпарат елде қатаң цензураға алынған.
Дереккөз: Аzattyq.org