Наубайханалар өз өнімдерін арттыруға мүдделі, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің хабарламасына сәйкес, бүгінде Атырауда күніне 40 мың нан пісіріліп, 8 наубайхана жұмыс жасауда.
«Дәулет нан» наубайханасының өкілі Фарух Абдуллаевтың айтуынша, кәсіпорын нан өнімін тәулігіне 7 мыңнан 15 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
- Қазіргі таңда цехта 90 адам нан пісірумен айналысады. Кәсіпорында жұмыс орындарын қысқарту көзделмеген. Керісінше, біз қосымша жұмысшылар аламыз, - дейді Фарух Абдуллаев.
Бүгінде облыс көлемінде 824 тонна ұн бар, оның ішінде 520 тоннасы тұрақтандыру қорында. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті билік қосымша 17 115 тонна ұн сатып алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, "5 сәуірге дейін нан пісірілмейді, наубайханалар жұмыс жасамайды" деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жалған ақпарат таратушы тұлғалар жауапқа тартылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі