Әлеуметтік желіде жарияланған мас күйдегі ер адамның ақ таспен иттің басынан ұрғаны көпшіліктің наразылығын тудырды.
Бұл көріністі сол жерде жақын тұратын, арасында сол ит пен оның күшіктерін тамақтандырып жүрген көрші әйел түсіріп алады. Итті өлген екен деп ойлайды, бірақ ол аман қалды. Соққыдан басы айналған ит көшедегі әжетхана құдығына түсіп кетеді.
-Итті қорғайын десе, қыз көршісінен қорыққан. Кейін түнге қарай біздің тобымызға жазып, бейнежазбаны салып жіберді. Әрине, одан бұрынырақ айтқанда, жақсы болар еді. Түн ортасында Жұлдыз-3 ықшамауданына барып, сасыған құдықтан әлгі итті алып шығуға тура келді, - дейді «Доброе сердце» жануарларға көмек көрсету тобының жетекшісі Венера МАНАСОВА. – Ветеринарға жеткізгенде ауыр халде болды. Бетінің астыңғы жағы сынған және басы жарылған екен. Көзі көріп кете ме, жоқ па әлі белгісіз. Жаңа-жаңа есін жиып, су, сұйықтық ішуге әлі келіп жатыр.
ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға жануарларға қатыгездік таныту фактісі бойынша еріктілердің шағымы түскен.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Сурет пен бейнежазба «Доброе сердце» тобының парақшасынан алынды.