Қазақстанда Төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін еліміздің барлық соттары істерді онлайн қарауға көшті. Ал онлайн қарауға келмейтін істерді кейінге қалдырды. Осы орайда «АЖ» тілшісі Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында болып, қаладағы мейрамханалардың бірінде той жасаған тұрғынға қатысты онлайн-сот процесіне қатысты.
«ӘЙТПЕСЕ, КІРГІЗБЕС ЕДІМ»
Соттың кіребересінде мені күзетші күтіп алып:
-Бетперде киіп келгеніңіз жақсы болды. Әйтпесе, кіргізбес едім, - деді. Одан кейін әкімшілік соттың баспасөз-хатшысы қолымды санитайзермен залалсыздандырып алуға кеңес берді. Айта кету керек, олар ғимараттың барлық жерінде орнатылған. Ал судья мен хатшы сот залында бетперде тағып, қолдарына бір реттік қолғап киіп отырды.
Біз кірген бойда судья Самал ӘБУҒАЛИЕВАНЫҢ төрағалығымен сот процесі басталды. 41 жастағы Самал мөлтек ауданының тұрғынына қатысты іс қаралып, оның елімізде жарияланған Төтенше жағдайға қарамастан 20 наурызда Атырау мөлтек ауданында орналасқан мейрамханалардың бірінде той жасағаны белгілі болды.
Құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Прокурор соттан құқықбұзушыны ҚР ӘҚБтК 476 бабының 3 бөлігімен (Төтенше жағдай режимін жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзу ретінде бұзу) кінәлі деп тануды сұрады.
Кеңесу бөлмесінен шыққаннан кейін, судья өз шешімін жариялап, 5 тәулікке әкімшілік қамакқа алу жөнінде қаулы шығарды.
- ӘҚБтК-нің 57-бабының 9 тармағына сәйкес, (Әкімшілік құқықбұзушылықты төтенше жағдайлар кезiнде жасауы) төтенше жағдай жарияланған кезде құқықбұзушылық жасаса, бұл істі ауырлататын мән-жай болып табылады, - деп судья ӘБУҒАЛИЕВА «АЖ» тілшісіне кейін түсіндірді.
ТӨРАҒАДАН ҚОШЕМЕТ
Сот отырысынан кейін дәлізде осы соттың төрағасы Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚПЕН кездесіп қалдым. Әуелі амандасу үшін әдеттегідей қолымды соза бергенде, ол менімен қолын төсіне қойып амандасты.
- Осылай амандасқанымыз дұрыс, - деді күлімдеп.
- Демек, істердің барлығы онлайн тәртібінде қаралатын болды ма?
- Иә, бізде «True Conf» деген арнайы қосымша бар. Сол арқылы құқықбұзушы мен полиция қызметкері және прокурор сот залына қосылады. 16 наурыздан бері әкімшілік сотта осындай режимде 74 әкімшілік іс қаралды. Өкінішке орай, адамдар әлі де жауапкершілікті түсінбей, көшеде бетпердесіз жүріп, той-домалақ жасап жүр. Сот заң шеңберінде жазалағанымен, тұрғындардың да жауапкершілігі болғаны жөн. Қазір сотта емес, үйде отырып, денсаулыққа мән беріп, күтінетін заман.
-Білуімше, жақында сот діни бірлестікті ТЖ режимін бұзғаны үшін айыппұл салды.
-Иә,ол істі де судья Әбуғалиева қарады. Төтенше жағдай режиміне қарамастан «Церковь Евангельских Христиан-баптистов “Преображение”» діни бірлестігі 31 дін өкілдерімен шоқыну рәсімін өткізген. Құқықбұзушылық орын алған жерден полиция қызметкерлері 476 бабымен протокол толтырды. Сот діни бірлестікке 10 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Қоштасарда Жасұлан Жақсылық мынадай кеңес берді:
-Фархат, сіз де жұмыс бабымен көп адамдармен кездесесіз, сондықтан өзіңіздің де, өзгенің де амандығы үшін қолыңызға қолғап киіп алыңыз.
Дұрыс айтады, әрине.
ЖАҒДАЙДЫ ТҮСІНБЕГЕНДЕР 30-ға ЖЕТТІ
Бүгінде Атырау облысының полициясы төтенше жағдай режимін бұзған 30 факті анықтады. Құқықбұзушылар айыппұл немесе әкімшілік қамаққа алу жазасын алды. Мысалы, жақында өз жұмысын тоқтатпаған букмекер 10 тәулікке қамалды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор