«Біз біргеміз! Nur Otan» бүкілреспубликалық акциясы Атырау тұрғындарын дүрліктірді. 26 наурызда партияның жергілікті филиалы кеңсесінің алдына бір топ әйелдер жиналды.
-Әлеуметтік желіден көп балалы аналар келіп тіркелсе, азық-түлікпен көмектеседі дегенді естідім. Мен кәмелет жасына толмаған 4 баламды өзім асырап отырмын, мұндай көмек бізге артық етпейді, - дейді Гүлмира САРМУРЗИЕВА. Өтініш толтырғаннан кейін әйелдерді апта ішінде өзіміз хабарласамыз деп, үйлеріне жіберген.
-Осы күндері еліміз бойынша мұқтаж адамдарды азық-түлікпен, антисептикалық құралдар және маскамен қамту акциясы жүргізілуде. Біз де әлеуметтік аз қамтылған адамдарға көмек көрсетуді қолға алып, демеушілер арқылы азық-түлік жиынтығы мен тазалық құралдарын дайындаған болатынбыз. Уәкілетті органдардың көмегімен 1136 мекенжай таңдап алдық. Осындай көмекке мұқтаж адамдар 7 санатқа бөлінген, олардың ішінде аз қамтылған көп балалы отбасы, мүгедектер, жалғыз басты қарт зейнеткерлер және басқалар бар, - дейді «Нұр Отан» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрлыбек ОЖАЕВ. Егер осындай отбасылар туралы мәліметтер бар болса, неге жиналғандарға сауалнама толтыруды өтінген деп сұраған едім. Н.Ожаевтың айтуынша, ауданда тіркелген отбасы шын мәнінде Атырауда тұратын болып шығатын жағдайлар кездеседі екен. Сондықтан мәліметтер нақтылау үшін сұралады.
Азық-түлік жиынтығына 8 түрлі тағам енгізіліп, ішінде жарма, макарон өнімдері, күнбағыс майы, қант қарастырылған. Көмекті қол тигізбей беруге арнайы оқытылған еріктілер тасып жеткізеді. Мереке күндері 510 отбасы көмекке қол жеткізді. Бұл акция 15 сәуірге дейін жалғасады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор