Еуропада эпидемия өрши түсті. Енді бұл мемлекеттер шұғыл аурухана салып, дайын нысандарды науқас қабылдайтын орталыққа айналдыруда. Испания билігі Мадридтің орталығындағы үлкен көрме кешенін ауруханаға айналдырмақ. Жоспар бойынша сыйымдылығы 5 мың орынды құрайды.
Нысанның жайлылығы төмен болғанымен, мұнда аурудың жеңіл белгілері бар науқастар орналастырылмақ. Ал, пандемиядан ең көп зардап шеккен Италияда жергілікті госпитальдар қауқарсыз болып отыр. Әсіресе, елдің солтүстігінде науқастар медициналық мекемеге сыймай жатыр. Сондықтан Милан билігі орталық вокзал маңында орналасқан қонақ үй нөмірлерін науқастарға беретін болды.
Бұл люкс дәрежелі карантин бе әлде мэрияның шарасыз қадамы ма кім білсін. Сондай-ақ, Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы стадион вирусты жұқтырғандарды қабылдайтын орталыққа айналмақ. Алаңға науқасқа қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылуда. 210 миллион тұрғыны бар Бразилияда 1546 адам коронавирусты жұқтырған. Оның 25-і ажал құшты.
Сандра Регине, жергілікті тұрғын:
- Өте қорқынышты. Күн санап құрбандар саны артып келеді. Жұмыстың бүгін соңғы күні. Карантинге шықтық. Сақтансаң сақтайды. Пандемия басылмаса, осындай кешендер қажет болары айдан анық. Мәскеуде де сақтық шаралары қатаң бақылауға алынды. Ресей Қытай тәжірибиесіне сүйеніп, шұғыл инфекциялық аурухана құрылысын бастады. Мұнда жан сақтау бөлімі де орналасады. Аумағы 70 мың шаршы метрді құрайды. Нысанды салуға мыңдаған адам тартылған. Бірақ, жылдам салуды Уханьдағы аурухана алдына ешкім түсе алмас.
Дереккөз: 24.kz