Әлеуметтік желіде айдаладағы кептеліс көрсетілген бейнежазба тарады. Кадр сыртындағы дауыс оны Атырау облысына кіре беріс жолдаға қойылған бақылау-өткізу бекеті (блокпост) деп сендіреді. Бұл бекеттердің Батыс Қазақстан облысының санитарлық бекеттері екені белгілі болды. Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, санитарлық бекеттер Атыраудың кіре берісіне де қойылған. Олар Атырау-Орал, Атырау-Индер, Атырау-Ақтау бағыттарындағы жолда және жақында салынған полиция бекеттерінің ғимараттарында орналасқан.
- Кешеден бері ол жерде полиция қызметкерлері мен біздің мамандар кезекшілікте тұр. Олар басқа өңірдің номерін таққан көліктердің жолаушыларын тексеруде. Дене қызуын өлшеп, денсаулығын тексереді, - деп хабарлады Атырау облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мейіржан ЕСІМБАЕВ.
Айта кету керек, қазір Атырау облысында коронавирус жұқтырған және олармен жақын араласқан адамдар үшін 1800 стационарлық орын бар.
Фархат ӘБІЛОВ
Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды