Ертең шекаралардың жабылуына байланысты церебралды сал ауруымен ауыратын балаларымен бірге Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында қалған Атырау тұрғындары үшін Қазақстаннан әскери ұшақ ұшып шығады.
- Бішкекте қазір бір топ атыраулық азаматтарымыз қалды. Олардың церебральды сал ауруымен ауыратын балалары ерекше жағдайда тасымалдауды қажет етеді, сондықтан Қорғаныс министрлігінің авиациясы қолданылады, - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.
8 наурызда Бішкекке қызын емдетуге келген Гүлжан ХУСАИНОВАНЫҢ айтуынша, олар 25 наурызда Атырауға кері қайту билетін алған.
- Бірақ біздің рейсіміз тоқтатылды, Қазақстан шекараны жауып тастады, тіпті пойыздар да жүрмейді. Осында церебралды сал ауруымен ауыратын 9 бала мен 9 ана бар, - дейді Г.Хусаинова. - Барлық мәселелер бойынша Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері бізге көп көмектесіп жатыр. Консул Жасұлан ХАНАЛИЕВПЕН үнемі байланыстамыз. Қырғыз Республикасы парламентінің депутаты Гүлшат АСЫЛБАЕВА да қолдау көрсетуде.
Олардың ұшағы 24 наурызға қараған түні Бішкек әуежайынан ұшып, Атырауға 24-і таңертең келеді. Бортта дәрігер болады.
Фархат ӘБІЛОВ