Атыраудың еріктілері бірнеше рет қолданылатын бетперде тігіп қана қоймай, оны үйде қалай қолдан тігіп алуға болатыны жөнінде ғаламтор арқылы бөлісуде.
Атырау облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы Азаматтық орталықтың басшысы Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА төтенше жағдай кезінде белсенді жастарды атқаратын шараларын интернет-кеңістікке көшіруге шақырды.
- Көрші Ақтөбеде қазақ тілді оқытушылар YouTube-да өз арналарын ашып, көпшілік қызығып тамашалайтын танымдық бағдарламалар жүргізеді. Егер сіздің қызықты әрі мағыналы ұсынысыңыз болса, біз сізді қолдауға және жобаларды іске асыру үшін жағдай жасауға дайынбыз, - дейді А. Досқалиева. Дегенмен, қазіргі уақытта еріктілер оффлайнда да жұмыс істейді – олар тазалап, қайта пайдалануға болатын бетперде тігеді, жалғыз басты қариялар мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетеді, ШОБ өкілдері арасында ақпарат таратады, нысандарды дезинфекциялау жұмыстарына атсалысады. А.Досқалиеваның айтуы бойынша, алдымен еріктілер мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға арнап бетперде тігуді жоспарлады. Яғни үнемі көп мөлшерде әсіресе, қазір оның бағасы еселеніп кеткенде сатып алатын мүмкіндігі жоқ адамдарға тігуді ойластырған. Бірақ дәріханаларда масканың тапшы болуына байланысты олардың тауарлары коммерциялық нарықта сұранысқа ие болып, халық сатуға шығаруды өтінді. Тіпті ұйымдардан тапсырыс түсе бастады. Сондықтан тігіншілер өз тауарларының бір бөлігін сата бастады. "Baizaar" әкімшілігі бірнеше рет пайдалануға болатын бетперде сату үшін тегін орын бөлді. Бірнеше қабаттап тігілген бетперде табиғи матадан жасалады, оны жуып таққаннан кейін әр 3 сағат сайын ауыстыру керек.
Облысымыздағы жастар ресурстық орталығының басшысы Серік ҚАДЫРОВТЫҢ айтуынша, бізде мұқтаж жандарға көмек көрсетумен айналысатын 1800 ерікті адамдар бар. Осы қозғалысқа қосылғысы келетіндердің барлығы жастар ресурстық орталығының жанында жақында құрылған "Біз біргеміз" штабына хабарласуына болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА