Жақында Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ коронавирусты анықтауға арналған жедел тестілердің сатылымға шыққанын мәлімдеген еді. Іссапармен елордадан келген «АЖ» тілшісі мұнайлы астанадан осындай тестіні сатып алмақ болды. Тек біздің қаламызда ғана емес, бүкіл Қазақстанда Covid-19-ға өздігімен тексерілу мүмкін болмай шықты.
Жақында Нұр-Сұлтаннан ұшақпен келген едім. Ол жақтан бүгінде 10-нан астам ауру жұқтырушы анықталды. Ұшақта жолаушылардың барлығы дерлік медициналық маскалар мен бір рет қолданылатын қолғап киіп отырды. Әуежайға келген кезде барлығын тепловизор арқылы тексереді деген сенімде болған едім, бірақ олай болмады.
Біртановтің мәлімдемесінен кейін жедел тестіні сатып алып, тексерілуді ұйғардым. Өзімді жақсы сезінсем де, ауру белгілері жоқ болса да, кім білген?
Алдымен Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасына қоңырау шалдым.
- Біз мұндай тестілердің қай жерде екенін білмейміз, бірақ Ұлттық сараптама орталығының (ҰСО) филиалына хабарласып көріңіз, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Аслан ЖЕҢІСҰЛЫ.
ҰСО Атырау филиалының вирусология бөліміндегілер мұндай тестілерді сатпайтындарын, бірақ емханаға барып, анализ тапсыруға болатынын, содан кейін бұл анализдердің вирусология бөлімінің зертханасында тексерілетінін айтты. Соңғы кездері филиалға 30-ға жуық осындай анализдер түсіп, барлығының нәтижелері теріс болып шыққан.
Осылайша, Атырауда және бүкіл Қазақстанда жедел тестілер әзірге жоқ болып шықты (Гугл жүйесінен іздеген едім).
Айта кету керек, министр Біртановтың «әр қазақстандыққа коронавируске тексерілудің қажеті жоқ» деген сөзі мені тыныштандырғандай болды. Өйткені инфекцияны тексерілгеннен кейін келесі күні оңай жұқтырып алуға болады екен. Ол ведомоствоның қосымша зертханалар ашуды жоспарлап отырғанын да айтты. Атырауда олардың саны көп болса екен, өйткені бізде шетелдіктер аз емес қой.
Фархат ӘБІЛОВ