Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің хабарлауынша, кейбір саудагерлер біздің облыста медициналық масканың миллион данасын 313 теңгеден сатқысы келген. Олар ірі ұйымдарға тапшы тауарды көтеріп сатып алуды ұсына бастапты. Ал бұл тауардың ілеспе құжаттары жоқ.
- Төтенше жағдайдағы жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі анықталды. Атап айтқанда, медициналық маскалар шыққан жерін растайтын құжатсыз сатылған, - делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Егер сіз медициналық маска мен антисептикалық құралдардың бағасын негізсіз өсіру фактілерінің куәгері болсаңыз, департамент қызметкерлері сенім телефонына хабарлауға болатынын еске салады: ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті - 8 (7172) 70-84-78, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті - (87122) -35-42-10.
Аяқ астынан қат болған маскаларды іздеуден шаршаған атыраулықтарды осынау ірі партияның қай жерде екені және оны тәркілеген жағдайда еркін сатылымға шығара ма деген сұрақ мазалауда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА