Бұл туралы брифингте «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) департаментінің директоры Дмитрий ДЮ мәлімдеді.
Өткен жылдың күзінде 2019-2020 жылдар кезеңіне тұрақтандыру қоры 2175 тонна азықпен толтырылған еді. Соның ішінде 700 тонна картоп, 150 тонна пияз, 115 тонна сәбіз, 150 тонна қырыққабат және 1060 тонна бірінші сұрыпты ұн сатып алынды. Ауыл шаруашылығы өнімдері операторлардың қоймаларында сақталады. Осы уақытқа дейін қаланың төрт ірі сауда орындары – «Дина», «Көктем», «Насихат» және «Сарайшық» базарларында нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағамен 243,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары сатылды. Ал наубайханаларға әлеуметтік нан пісіруге 440 тонна ұн тапсырылды.
Қазір облыстың тұрақтандыру қорында 1 507,1 тонна ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде 560 тонна картоп және 108 тонна пияз қалды. Сонымен қатар 620 тонна ұн бар. Дмитрий Дюдың айтуынша, ӘКК халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолға алуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандырудың жаңа ережелері бойынша «Атырау» кәсіпкерлерге төмен пайыз көлемінде қарыз беру мүмкіндігін қарастыруда. Осыған байланысты ірі «Лидер» сауда желісінің өкілдерімен және көтерме бағамен азық-түлік жеткізушілермен келіссөз жүргізілді. Олар өз кезегінде қызығушылық танытты.
Бұдан басқа, ӘКК «көше саудасына арналған 100 сауда орны» бағдарламасы аясында орнатылған тоғыз сауда павильонында өнім сатуды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімі осы жерлерде нарықтық бағадан 15% төмен бағамен сатылатын болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА