Кеше кештен бастап ата-аналар чатына сынып жетекшілерінен 6 сәуірден (мектеп каникулының аяқталу күні) 15 сәуірге (Қазақстандағы төтенше жағдайдың аяқталу күні) дейінгі аралықта балалар қашықтан оқуы мүмкін деген ақпарат келе бастады.
Ата-аналардан отбасындағы компьютер мен планшет санын, балада смартфонның бар-жоғын, телефон нөмірін және интернетке қосылу мүмкіндігі жөнінде ақпарат беруді сұрады. Бұдан басқа, ересектерден балалары үшін электрондық пошта ашып, бұл туралы ақпаратты мұғалімге жолдау керектігін өтінді.
17 наурызда өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ұлықбек ТНАЛИЕВ қазір балаларды қашықтан оқытуға көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Облыстық білім басқармасы басшыларының айтуынша, шешім каникул күндерінің соңына қарай жарияланады.
- Қазіргі уақытта мұғалімдер қашықтан жұмыс істеуде. Біз олардан каникул кезінде балалардың көңілін аулауды өтіндік. Төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушыларының қазір қосымша курстарға, концерттерге немесе ойын-сауық орталықтарына баруға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мұғалімдер оларға онлайн-мұражай экскурсияларына және т.б. сілтемелер жібереді, қашықтан оқыту үшін балалардың қандай мүмкіндіктері бар екенін анықтайды. Өйткені қажет болған жағдайда үйде оқу үшін жағдай жасау керек болады. Айтпақшы, колледж студенттері қазір онлайн-режимде білім алуға көшті, - дейді білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Алмагүл ҚАЙЫРЛИЕВА.
Оқушыларды онлайн оқыту әдісін Білім министрлігі таңдайды. Қазір Атырау облысында 129 888 оқушы бар.
Зульфия ИСКАЛИЕВА