Испанияда академиялық мобильдікте жүрген қазақстандық студенттер жергілікті тұрғындардан қысым көретінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бұл шындықты қабылдау бізге қиын. Біз, Қазақстан азаматтары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің екінші курс студенттеріміз. Академиялық мобильдік бағдарламасы бойынша бізді Испаниядағы Сьюдад-Реальге алты айға, қаңтардан бастап маусымға дейін Испанияға іссапарға жіберді", - деп жазды студент қыз Instagram желісіндегі парақшасында.
Ол Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады.
"Испанияның барлық аумағында карантин жарияланды. Кез келген қозғалысқа тыйым салынады. Талаптар бұзылған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылады. Күн сайын әлем елдері Испанияға ұшуын тоқтатып жатыр.
Біз Испанияда буллинг пен ұлтшылдыққа тап болдық. Олар дүкендерде бізге "Сен азиялықсың!", "Коронавирус!" деп саусақпен көрсетіп, нан да сатпайды. Үлкендер бізге жұмыртқа лақтырады, балалар мазақ етіп, денесінің алдыңғы және артқы бөліктерін көрсетеді. Психикамыз бұзылды. Басында көшеге шығуға қорқатынбыз, енді ұйықтауға қорқамыз", - дейді қазақстандық қыз.
Испанияда карантин екі айға дейін созылуы мүмкін, себебі вирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асты.
"Біздің тұратын жеріміз жоқ. Пәтердің қожайыны карантинге байланысты үйден шыға алмай, төлемді де қабылдай алмайды, сондықтан айдың соңына дейін кетуімізді сұрады. Қалада азиялықтарды көргісі келмейді. Біз дүрбелең салмай, қорықпауға тырыстық. Бірақ жағдай қорқынышты, біз өз өміріміз үшін қорқамыз", - деді ол.
Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта Қазақстанның Мадридтегі елшілігі Испанияда жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жасап жатыр. Қазақстанға оралғысы келетін азаматтарымыздың санын анықтағаннан кейін оларды елге қайтару мәселесі шешіледі", - делінген СІМ хабарламасында.
Министрлік Испаниядағы барлық қазақстандықтан Мадридтегі дипломаттарға +34917216290, Барселонадағы дипломаттарға +34671314878 нөмірі бойынша хабарласуды сұрады.
Дереккөз: Tengrinews.kz