Х.Досмұхамедов атындағы АМУ ғимаратында түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған «Жас маман - 2020» жәрмеңкесі өтті. Шараға 40 тан астам жұмыс беруші мекеме өкілдері қатысты. «АЖ» тілшісі қатысушылардың бірқатарымен тілдесіп көрген еді.
Әйгерім ЖАСҚАЙРАТҚЫЗЫ, «домбыра аспабы бойынша мұғалім» мамандығының 4 курс студенті.
- Туған жерім Құрманғазы ауданы. Алайда күй өңірінде жас домбырашыларға сұраныс сезілмегендіктен, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне үміт артып келдім. Мамандығыма сай жұмыс табылса, қай ауданға болса да баруға дайынмын. Қазір Махамбет ауданының өнер мектебі қызығушылық білдіріп, түйіндемемді қабылдады. Енді жауабын күтемін.
Махамбет ауданынан маман іздеп келген аудандық балалар өнер мектебінің директоры Эльмира ЕСПУСИНОВАНЫҢ айтуынша, ауданда жалпы орта мектептер мен өнер мектебінде музыка пәні мұғалімі жетіспейді.
- Қазір аудандық өнер мектебінде 130-ға жуық оқушы домбыра тартуды үйренуге оқып жатыр. Алайда мұғалім жоқтың қасы. Кемінде 4 домбырашы, 2 пианист қажет. Олар осы түлектердің арасынан табылар деген үмітпен келдік. Егер ауылдан еңбек жолын бастаймыз деген жастар болса, аудан әкімдігі баспанамен қамтамасыз етіп, барлық жағдайын жасауға дайын, - дейді Э.Еспусинова.
Бимырза Әбілқайыр, «журналистика» мамандығының 4 курс студенті.
- Журналистика жаныма жақын тартқан соң Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылынан келіп, осы мамандық бойынша оқыдым. Осында келген әр түрлі БАҚ өкілдерімен сөйлестік, бәрі түйіндемелерді алып қалды. Қалыптасып кеткенше қандай жалақы ұсынса да маңызды емес. Өзімді көрсетуге жұмыстанар едім.
Оқытушылардың айтуынша, биыл «журналистика» мамандығы бойынша оқуды 34 студент аяқтайды. Оның 30-ы қазақ тобынан.
Келесі сұхбаттасқанымыз – «Стандарттау және сертификаттау» мамандығының аға оқытушысы Лес БАЙМҰҚАШЕВ.
Бұл мамандық бойынша биыл университетті жылдағыдай 10 студент бітіруде. Облыста 70-ке жуық зертхана, 7 сәйкестікті растап, сертификат беретін ұйым бар. Сондықтан жұмыс табуға мүмкіндік мол. Біздің түлектердің жартысынан көбі жұмыс табады, - дейді Л.Баймұқашев.
Оның түлектері негізінен «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Атыраудағы филиалына жұмысқа тұрудан үмітті.
- Группаластар болып осы орталыққа түйіндемемізді тапсырдық. Хабарын береміз, деп қалды, - дейді 4 курс түлегі Мөлдір БАБАШ.
Студенттердің түйіндемелерін «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Атырау филиалының директоры Нұрлан ОРЫНБАЕВТЫҢ өзі қабылдады.
- Сіздің мекемеге қанша маман қажет?
- Әзірге бізде маман жеткілікті. Түйіндемелері сақтаулы тұрады, қажет болса хабарласамыз.
ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ, БІРАҚ БАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ НЕМЕСЕ КЕРІСІНШЕ
Мақат аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Ақмарал БОРАНХАНОВАНЫҢ айтуынша, аудан мектептеріне 28 мұғалім қажет. Оның 10-ы орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
-Қазір ауданға барамын деген 5 маманды ғана таптым. Олар мақаттықтар емес. Мақат ауданынан бірнеше студент университетті аяқтап жатса да, көбісі өзімізге қажет екенін біле тұра қалада қалып қойғысы келеді, - дейді А.Боранханова.
Ал «дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығына келсек, керісінше. Университетте осы мамандық бойынша биыл 53 студент аяқтайды. Мақаттан келгендердің екеуі жәрмеңкеде ауылға барғысы келетіндіктерін жеткізгенімен аудандық білім беру бөлімі бұл мамандыққа бос орын жоқ екенін айтты.
Қазыбек САПЕНОВ, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
- Оқушы кезімнен бастап республикалық, халықаралық жарыстарда ауданның намысын қорғадым. Жоғары білім алған соң да туған жерде еңбек етіп, ізімнен спортшылар шығарсам деген мақсатым болған. Мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берсем де ауылымда қызмет еткім келеді. Алайда ауданда әзірге жұмыстың реті жоқ.
Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-дың құзыреттілік және мансапты жоспарлау орталығының директоры Зумрат СҰЛТАНОВА:
-Студенттер оқуды аяқтаған соң оларға бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып, мейлінше жұмысқа тұруына қолдау жасаймыз. Бүгінгі жәрмеңкеге барлық білім беру бөлімдерінің басшылары шақырылды. Көпшілігі іздегенін тапты. Алайда кейбір аудандарға орыс тілді мамандар жетіспейді. Мысалы, Атырау, Құлсары мен Құрманғазы ауданы орыс тілді педагог сұрайды. Орыс тобына түсушілердің аздығынан олардың сұранысын толық қамти алмай отырмыз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор