Мұнайдың бүгінгі бағасы (30 доллар) біздің бюджетке едәуір қиындық туғызады, - деп жазды Telegram-да «Қазсервис» мұнайсервис компаниялар одағының бас директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ.
«Жаңа вирусқа байланысты жаһандық пандемия аясында біз ел бюджетіне түсетін төлемдердің жартысын құрап отырған мұнай бағасының арзандап кеткенін байқамай отырмыз. Бұл 5 трлн теңгеден жоғары сома. Ал мұнайға сұраныс азайғаннан кейін көпке дейін оның бағасы көтерілмейді. Себебі ұшақтардың ұшуы мен көлік қатынастары қысқартылды. Вирустың кесірінен біз тіпті теңгенің құнсызданғанын да байқамай қалдық...
Алдағы екі жыл мұнай саласы біраз қиындықтарды басынан өткереді. Мұнай-газ операциялары қысқартылады, жұмыс орындары азаяды. Бұл жағдайда мемлекет экономиканың ең маңызды саласын сақтап қалу үшін күш салуы қажет».
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері мұнайдың бағасы төмендеп келеді, өткен дүйсенбіде оның бағасы барреліне 30 доллар болып, ең төменгі көрсеткішке жетті. Қазір бір баррелі 31,15 доллар болды.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА