Қазір Атырауда 9 адам карантинге алынған: 6 азамат А1 санатына енгізілген елдерден келген, олар Сарыөзектегі провизор орталығында. Ал байланыс жасаған 3 пациент Нұрсаядағы көпсалалы аурухананың инфекциялық бөлімшесіне орналастырылған. Бұл туралы брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВ хабарлады.
- Осы азаматтар тапсырған анализдердің нәтижесі олардың дені сау екендігін анықтады. Бірақ Ережеге сай олар белгіленген мерзімге оқшауланады. Олардың тарапынан денсаулықтарына шағым түскен жоқ. Бұрын біз анализдерді Ақтөбе, Алматы және басқа қалаларға жіберген болсақ, енді ондай қажеттілік жоқ. Анализді Атырауда талдауға барлық қажетті құрал-жабдықтар алынды. Зерттеу нәтижесі 7 сағат ішінде дайын болады, - деді Ғазизов. Ол сондай-ақ жедел жәрдем неліктен науқастардың шақыртуларына келмей, емханаға қаралуға кеңес беретіні жөнінде қойылған сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, пациенттердің тіпті дене қызуы жоқ, ал соғылған қоңыраулар кеңес алу сипатында болады екен.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор