Атырау, 13 желтоқсан 03:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

«Ірі» істермен Астана айналысады

2 337 просмотра

16 қарашада Атырау облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) 10 айдағы жұмысы бойынша есеп берді.

Осы уақыт ішінде 291 қылмыс анықталған. Сотқа 155 қылмыстық іс жолданып, мемлекетке, азаматтар мен заңды тұлғаларға 1,5 млрд теңгеден астам сома өндірілді. Анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны – 119, соның ішінде бюджет қаржысын иемдену (54), парақорлық (17), лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану (23), қызмет бабында жалған құжат жасау (13), қызметтік бабын пайдаланып, алаяқтық жасау (7) қылмыстары бар.

Облыстық әкімдік пен мердігер мекемелердің лауазымды тұлғалары жасаған бюджет қаржыларын ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуге келер болсақ, департамент бастығының орынбасары Заңғар ЗАҢҚАНОВ бұл істерді тек республикалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тергеп жатқанын атап өтіп, комментарий бермеді.

Сыбайлас жемқорлық қылмысының ең кең таралған түрі парақорлық боп қалып отыр. Жүк көлігін жүргізушілерден пара алғандары үшін Көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері М.ХАЙЫРОВ пен Ж. МҰҚАНОВ шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің энергетика секторының бас маманы 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Ол мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға көмектесемін деп уәде беріп, адамдардан 4,2 млн теңге алған.

Жылыой АІІБ-нің Теңіз полиция бөлімшесінің инспекторына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмауға уәде беріп, азамат Н-дан 30 мың теңге алған. Айтпақшы, биылғы жылдың тамызында енгізілген сыбайластық қылмыстар туралы хабарлаған тұлғаларды ынталандыру ережесі қолданыла бастады. Құқық қорғау органдарына бірнеше дабылдар түскен, бірақ қаржы полициясының қызметкерлері олардың саны мен мазмұны туралы айтудан бас тартты.

З.Заңқанов жеке құрамды кезектен тыс аттестаттаудың қорытындылары туралы әңгімеледі. Департаменттің 95 қызметкерінің 73-і лауазымдарына лайықты деп танылды, үшеуін жоғары лауазымдарға, алтауын басқа қызметке (лауазымға) ауыстыруға, жетеуін қаржы полициясы органынан босату ұсынылған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

21 қараша 2012, 16:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.