Атырау, 23 қараша 02:55
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ТШО: шетелдіктердің жұмыс вахтасы талқылануда

6 429 просмотра


16 наурызда Атырауда ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті. Мұнда коронавирусқа қатысты ахуал туралы мәселе қозғалды.

Бастапқыда ол баспасөз хабарламасын оқып шықты:

«Қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі - ТШО-ның басты мәселесі. Сондықтан компания басшылығы қызметкерлер арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі беріліп, икемді кесте режимі жасалды.

Қазақстандағы барлық мектептер мерзімінен бұрын каникулға жабылуына байланысты және кейбір қызметкерлердің 10 жасқа дейінгі бала күтімін ұйымдастыра алмайтындығы ескеріліп, оларға ақылы еңбек демалысын ресімдеу ұсынылды.

Бұған дейін ТШО басшылығы кәсіпорын қызметкерлері үшін барлық халықаралық іссапарларды, Қазақстан бойынша іссапарларды - тек басшылықтың келісімімен тоқтатқан болатын.

Теңіз кен орнында және басқа жерлерде көп адамдар қатысатын қоғамдық және іскерлік шаралардың барлығы тоқтатылды. Демалыс орындары жұмыс істемейді. Қызметкерлердің кенішке бару сапарлары , үшінші тұлғалар үшін компания нысандарына қатынау шектелді.

ТШО-ның барлық нысандарында санитарлық-гигиеналық процедуралар күшейтілді, қолды залалсыздандыру станциялары көбейтілді. ТШО медициналық қызметі коронавирусқа күдікті науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті ресурстармен жабдықталған.

Теңізде және Атырауда карантинге алынған адамдарды бақылауға жеткілікті кереует орындары бар. Бүгінде ТШО-да Теңіз кен орнында карантинге жатқызылған науқастарды оқшаулау үшін 286 төсек орын, Атырауда - 42 төсек орын бар.

ТШО инфекцияның таралуына жол бермеу үшін мердігер мекемелермен және мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасайды.

16 наурыздағы ахуал бойынша ТШО медициналық қызметінде жұмысшылар арасында коронавирус жұқтырған жағдай тіркелген жоқ. ТШО-ның өндірістік қызметі штаттық режимде жалғасуда».

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Р. Артығалиев Теңіз кен орнында бір вахтада 20-25 мың жұмысшы жұмыс істейтіндігін, жұмыстың тоқтатылмайтынын айтты.

Вахтаға келуі тиіс шетелдік жұмысшылардың келу мәселесі республикалық және жергілікті деңгейде талқылануда. Механизмдер қарастырылады. Кейбір жұмысшылар қалуға ниет білдірді, олардың рұқсат мерзімі ұзартылады. Шығуға шектеу жоқ.

Мердігер компаниялармен жұмыс жалғасады. Бұдан басқа, қазір облыс әкімінің өтініші бойынша кәсіпорын өңірге медициналық құрал-жабдықтар, қорғаныш костюмдері, медициналық маскалар және т.б. сатып алуға көмектесуде.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 наурыз 2020, 11:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.