Бұл күндері түрік және қазақстандық тхэквондо мектебінің негізін салушы, 7-ші дан иегері, тхеквондо бойынша 6 дүркін әлем чемпионы Мұстафа ӨЗТҮРІКТІҢ (1954-1995) Атырауда болғанына 20 жыл толып отыр.
Мұстафа Өзтүрік ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстаннан қоныс аударған қазақтар отбасынан шыққан. Оның Германияда және Түркияда жеке мектептері бар, ол жекпе-жек өнері туралы бірнеше кинофильмдерге түскен. 1990 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақстанда тұрып, жұмыс жасады. 1992жылы Қазақстан азаматтығын алды.
Осынау даңқты спортшы және айтулы азамат туралы атыраулық тхеквондо федерациясының негізін салушы ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, 3-ші дан иегері Қабибек МҰХИТОВ еске алады.
- Мұстафа Өзтүрік Атырауға қандай мақсатпен келді?
- 1992 жылы қарашада ҚР тхеквондо федерациясының бірінші президенті марқұм Бексейіт ТҮЛКЕЕВ маған хабарласты. Мен сол кезде Алматыда болған едім. Ол маған Мұстафаның Атырауға барғысы келетіндігін айтты. Мен Мүсекеңді "Алматы" қонақ үйінен таптым, біз нақты бір уақытқа келістік. Бірге қайтатын болып шештік. Мен атыраулық тхеквондошылармен хабарласып, олар шебермен кездесуге дайындала бастады. Жергілікті билік те бұл мәселеге араласа білді, Өзтүрікті гүл шоқтарымен қарсы алды. Сол кездегі әкім орынбасары Равиль ШЫРДАБАЕВПЕН болған кездесуде Өзтүрік атыраулық тхеквондошыларға көмектесуді өтінді, ал, ол сол уәдесін орындады. Осы сәтті пайдаланып айта кетейін, біздің аймақта жекпе-жектің осы түрін дамытуға және ұйымдастыруға басқа да көптеген азаматтар көмектесті. Мен олардың барлығын ұмытқаным жоқ және оларға шексіз алғысымды білдіремін.
Мұстафа Өзтүріктің Атырауға келуі, онымен қарым-қатынасымыздың орнауы, бірлесе отырып жаттығу өткізуіміз біздің қалада тхеквондоның дамуына үлкен серпіліс берді. Ол бізге оның тек спорт қана емес, тұнып тұрған философия екендігін үйретті. Бізге жекпе-жек өнерінің құпиясын ашты. Адамның бойында адамгершілік қасиеттерді дамыту, міне бұл шығыс жекпе-жегінің басты мәні сонда екендігін көңілге түйдірді.
- Осы өткен жиырма жыл ішінде атыраулық және барлық қазақстандық тхеквондошылар қандай жетістіктерге қол жеткізді?
–ТМД тарихында алғаш рет атыраулық спортшы Арман ШЫЛМАНОВ Олимпиада ойындарының қола жүлдегері болды. Атыраулық тхеквондо мектебі еліміздегі таңдаулы мектептердің бірі болып есептеледі. Қазақстанда әлем чемпионаттары мен бірнеше Азия чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Мұстафаның ісін оның ізбасарлары жалғастырып келеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ