Армениядан және басқа елдерден әкелінген көліктердің иелері орташа есеппен 500 мың теңге утилизациялық алым төлеуі тиіс: базалық мөлшерлемесі - 50 АЕК, қозғалтқыш көлеміне байланысты 3-тен 23-ке дейінгі коэффициент қолданылады. Ал Қазақстанда сатып алынған көлік иелері үшін утилизациялық алым бағасы белгілі. «AЖ» бұл ақша кімге және қайда жұмсалатындығын анықтауға тырысты.
Өткен жылдың қарашасында ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) мүшесі Азаматхан ӘМІРТАЙ ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВПЕН кездесуінде «ӨКМ операторы» ЖШС-нің қызметі туралы мәселені көтерген еді. Оның пікірінше, «ӨКМ» ЖШС үш жыл ішінде $1 млрд табыс тапқан. Жыл сайын осы аталған жеке компания жұмысының нәтижесінде еліміздің экономикасы 150 млрд теңгеге жуық қаржы жоғалтады екен. Ол көлік дөңгелектерін мысалға келтірді:
- «ӨКМ операторы» ЖШС бір дөңгелектен 37 теңге алады, бұл утилизация ақысы. ӨКМ оны қалай жұмсайды? 7 теңгеге жуығы – өзінің операциялық шығындары. Шай-пайына, уылдырық жағылған нанына, бір сөзбен айтқанда өмір сүруіне кетеді. Айта кетейін, әлемдік тәжірибеде мұндай мәселелермен мемлекет айналысады және мұндай шығындар атымен жоқ. 26,5 теңгеге жуығы (жалпы соманың 70%-ы) – көлік шығындары. Олар сонда «Тэсламен» тасымалдай ма? Әлде, соманы қызметтер арқылы есептен шығару оңтайлы болғаны ма? Тек шамамен 3,5 теңгесі ғана – қайта өңдеуге жұмсалады, - деп санамалап шықты Әміртай.
Ол «ӨКМ» пайда болғанға дейін Нұр-Сұлтанда 2009 жылы неміс компаниясымен бірлесіп салған зауытқа шикізатты дөңгелектерді қабылдау пункттерінің өздері жеткізгенін де тілге тиек етті. Содан кейін шикізатты жеткізуді доғарған, өйткені «ӨКМ» осы дөңгелектерді кәдеге жарату үшін жинай бастаған. Тиісінше, дөңгелектерді қайта өңдейтін зауыт шикізатты енді өздері сатып алып, тасымалдауға мәжбүр болды. Бұл шикізаттың өзіндік құнын арттырды. 2016-2017 жылдар аралығында зауыт «ӨКМ»-нен қайта өңделген және өздері тасымалдаған дөңгелектер үшін 120 миллион теңге табыс табуды көздеген болатын. Бірақ зауыт бұл ақшаны ала алмады. Себебі - біресе құжаттары толық болмайды немесе басқа бір қағазы жоқ болып шығады. Зауыт несиеге алынған қаржыға салынған. Шығындардың өсуіне байланысты несиені төлей алмады. 2017 жылы есеп-шоты бұғатталды. Зауыт жұмысы тоқтап қалды. Бірақ шығындар өзгермеді: құрал-жабдық, коммуналдық қызметтер, жалақы бойынша шығындар сол күйінде қалды. Тіпті, жаңа шығындар пайда болды – бұғатталған банктік есеп-шотты ашу үшін заңгерлерге төлемақы төледі. Бүгінде Жоғарғы соттың шешімімен зауыт иелерінен бәрін –құрал-жабдықты, ғимаратты, жерді алып қойды. Акционерлерді борышкер етіп қойды.
- Дұрыс жұмыс істеп, жұмыс орындарын құрып, дөңгелектерді қайта өңдеп, қайта өңделген қоқыстарды Қазақстаннан экспорттаған зауытты тұншықтырып тастады, - деп есептейді ҰҚСК мүшесі. Оның айтуынша, «тек осы бір елеусіз, бірақ күйінішті мысал арқылы «ӨКМ»-нің қалай жұмыс істейтінін көруге болады».
ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАР - «Eco Waste Solutions» ЖШС және ШЫНАР МҰҚТАРОВА
«АЖ» «ӨКМ операторы» ЖШС-не бірнеше сауал жолдаған еді, оған ЖШС-нің басқарма төрағасының м.а. Азамат БЕКПЕРОВ жауап берді.
- «ӨКМ операторы» ЖШС-нің құрылтайшысы кім? Жеке меншік ұйым басқа жеке кәсіпорындар мен жеке тұлғалардан алым жинау өкілеттігіне және бүкіл ел экономикасы мен экологиясы үшін ғаламдық маңызы бар мәселелермен айналысу мүмкіндігіне қалай ие болды?
- Құрылтайшылар - «Eco Waste Solutions» ЖШС және Мұқтарова Шынар Оралғазынқызы. Құрылтайшылар туралы ақпарат E-gov.kz электрондық үкімет порталында көпшілікке қол жетімді. «ӨКМ операторы» ЖШС - бұл ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1137 қаулысымен уәкілеттік берілген, Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттерінің (ӨКМ аббревиатурасының мағынасы осындай – З.И.) қағидатын іске асыруға жауапты ұйым. Үкіметтің мұндай өкілеттілігі Экологиялық кодекстің 16-бабы 1-тармағының 4-1-тармақшасында қарастырылған. «ӨКМ операторы» ҚР қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға есеп береді. Қазақстанда ӨКМ қағидаты 2016 жылы ең алдымен автомобильдер мен оның компоненттері бойынша, 2017 жылдан бастап - «нөлдік мөлшерлеме» бойынша орамаға енгізілді (өндірушілер мен импорттаушылар утилизациялық алым төлемейді). Орамаға утилизациялық төлем мөлшерлемесі 2020 жылдан бастап енгізілді. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап ӨКМ ауылшаруашылық техникаларына (комбайндарға, тракторларға) қолданылды. Қазақстандық ӨКМ моделі импорттық және отандық өнімдердің қалдықтарын жинау, тасымалдау, өңдеу және кәдеге жаратудың кешенді жүйесін кезең-кезеңмен құруды қарастырады. Қазіргі таңда бүкіл әлемде ӨКМ-нің 400-ге жуық моделі жұмыс істейді, олардың көпшілігі мемлекеттік емес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерде қолданылады.
Мемлекеттік ӨКМ операторлары ішінара төрт елде ғана жұмыс істейді: Қытайда (электрлік және электронды жабдықтар бойынша), АҚШ-тың бірқатар штаттарында, Беларусь пен Тайваньда. Қалған басқа ӨКМ операторлары үкіметтік емес ұйымдардың әртүрлі нысандарында ұсынылған.
- Қазақстандықтар утилизациялық алымды не үшін төлейді және бұл қаражат қайда етіп жатыр?
- Ұйымдастыру тұрғысында ӨКМ қағидаты – Қазақстанға әкелінген немесе өндірілген өнімдерді жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін тұтас инфрақұрылым құру. Ал бұл өнімдердің қалдықтары тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін қоршаған ортаны жаппай ластайтын болады. Мұндай инфрақұрылымды құру - өнімнің жекелеген түрлерін өндірушілермен / импорттаушылармен дербес (меншікті жүйе) немесе оны құруды қаржыландыру (утилизациялық төлем) арқылы қамтамасыз етіледі.
Утилизациялық төлемді пайдаланудың мақсатты бағыттары Экологиялық кодекстің 285-2-бабында көрсетілген. Соның ішінде, қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді және кәдеге жарату жүйесін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді, қалдықтармен және қайталама ресурстармен жұмыс істеу саласындағы білім беру зерттеулерін, маркетингтік зерттеулерді қаржыландыруды, қалдықтарды жинау, қайта өңдеу, залалсыздандыру және кәдеге жарату саласындағы эксперименттік, тәжірибелік, жобалық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды қарастырады.
(Оператор мұнда өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттеріне қолданылатын өнімнің тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болған қалдықтарды және оның орамасын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және кәдеге жарату қызметтерін жүзеге асырмайды - З.И.).
Осы қызметті ұйымдастыру аясында, оны тікелей жүзеге асыру үшін оператор Экологиялық кодекстің 285-2 және 285-4-баптарымен реттелген өкілеттіктерді басшылыққа ала отырып, айқын және ашық электрондық сатып алу рәсімдері негізінде осы салаға мамандандырылған кәсіпорындарды конкурстық негізде тартады.
«БІЗДІҢ ҚЫЗМЕТІМІЗ ТАБЫС ТАБУДЫ КӨЗДЕМЕЙДІ»
- «ӨКМ операторы» ЖШС тек көлік құралдарына ғана емес, сонымен қатар ауылшаруашылық техникаларына, дөңгелектерге, аккумуляторларға, майлар мен арнайы сұйықтықтарға, (қағаз, картон, шыны, пластмасса, металл) орамаға, электрлік және электронды жабдықтарға (тұрмыстық техника, электроникасына, батарейка, құрамында сынап бар шамдарға) да утилизациялық алымдар алады. Осылайша, қарапайым есептеулерге сәйкес, ЖШС жылына жүз миллиардтан астам теңге табады. Сіздің компанияның үш жыл ішіндегі алған нақты кірісі қанша?
- ӨКМ операторының қызметі табыс табуды көздемейді. Экологиялық кодекстің 16-бабы 1-тармағының 4-1 тармақшасына сәйкес утилизациялық төлем түрінде алынған қаражатты Кодекстің 285-2-бабымен қатаң регламенттелген бағыттар бойынша мақсатты пайдалану көзделген, бұл тұрғыда операторға экономикалық пайда түсіру мүмкін емес. Біз бұл қаражаттарды ӨКМ ықпалына жататын қалдықтарды жинайтын және қайта өңдейтін компанияларға бағыттаймыз. Бұл компаниялар электрондық алаңда ӨКМ өткізетін тендерлердің нәтижелері бойынша таңдалады. Қолданыстан шыққан бір жеңіл көлікті алып, тасымалдауға шамамен 18 900 теңге, ал утилизациялауға тағы 123 000 теңге жұмсалады. 150 000 теңге - жарамсыз көлікті өткізген азаматтарға беріледі. Ал жеңілдік беретін сертификаттарға 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Қалған ақша орама қалдықтарын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және жанармай құю бекеттері инфрақұрылымын құру үшін жұмсалады. Отандық көлік жасаушыларға утилизациялық алым сомасының белгілі бір бөлігі қайтарылады, мұның барлығы Қазақстандағы өндірістің дамуына бағытталған.
2020 жылдың 17 қаңтарынан бастап арнайы сұйықтықтардың утилизациялық алым мөлшерлемесі 0 теңге болады.
Электрлік және электрондық жабдықты, сондай-ақ, батарейкалар мен құрамында сынабы бар лампалардан утилизациялық алым алынбайды, өйткені утилизациялық төлемнің «нөлдік мөлшерлемесі» қолданылады. 2016 жыл - 2019 жылдың 9 айы ішінде түскен ақша қаражаты (утилизациялық төлем) 248,5 млрд теңгені құрады.
- Сіздің кәсіпорынның ресми сайтының мәліметтеріне сәйкес, «ӨКМ операторы» ЖШС-нің басым міндеттері Қазақстанда ТҚҚ басқарудың бірыңғай жүйесін құру, экологиялық проблемаларды шешу және қоршаған ортаның жағдайын жақсарту, ТҚҚ сұрыптау және одан әрі пайдалану үшін жаңа зауыттар салу, экологиялық таза көлік құралдарын өндіруге ынталандыру. Бұл міндеттерді «ӨКМ операторы» ЖШС қалай іске асыруда? Қазақстанда кәсіпорын қаражатына немесе сіздің жәрдеміңіз арқылы ТҚҚ және көлік құралдарын кәдеге жарату және т. б. кешендері салынып жатыр ма? Салынса, ол қай жерде? Жоқ болса, серіктестіктің негізгі міндеттері болып есептелетін және шешілуіне қомақты қаражат жиналып жатқан бұл мәселелер неліктен шемімін таппай жатыр?
- ӨКМ операторы өнім қалдықтарын кешенді басқару жүйесін дамытуға және осы қалдықтарды қайталама шикізат ретінде айналымға енгізуге жұмыстануда, бизнесті кеңінен тарта отырып, қоқыс өңдеу саласын инфрақұрылымдық дамытуға атсалысады, «жасыл» технологияларды енгізуді іске асырады. Қызметтің негізгі бағыттары: ӨКМ қолданысына енгізілген тауарлардың қалдықтарын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді және кәдеге жаратуды ұйымдастыру. Компания Қазақстанның барлық аймақтарында қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдармен тығыз байланыста. ӨКМ енгізген кезде өңдеу деңгейі 2,7 пайызды құрады, кейін – 14 пайыз болды. Қалдықтарды өңдеу саласына ӨКМ енгізілгенге дейін 115 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеді, бүгінде олардың саны 171-ге жетті. Сондай-ақ автокомпоненттерді кәдеге жарату жүзеге асырылады. 22 жаңа кәсіпорын, 2000 жұмыс орны құрылды. Оператор пайдаланылған аккумуляторлардың 95 пайызын кәдеге жаратуды қамтамасыз етеді. Оператордың көмегімен 81 мың дөңгелек кәдеге жаратылды. ӨКМ механизмі дөңгелектерді кәдеге жарату бойынша жаңа кәсіпорындардың құрылуына серпін берді. 2016 жылға дейін Қазақстанда 10 зауыт жұмыс жасаған еді. ӨКМ енгізілгеннен кейін дөңгелектерді қайта өңдейтін тағы 7 кәсіпорын құрылды.
Қазақстанда ТҚҚ бөлек жинау біртіндеп енгізіліп келеді. 2018-2019 жылдары оператордың қаржылық қолдауымен еліміздің он өңірінде және Нұр-Сұлтан қаласында қалдықтарды бөлек жинау үшін 12 196 контейнер, 8 өңірде - 147 қабылдау пункті орнатылып, 28 мамандандырылған автомобиль сатып алынды. Сондай-ақ 11 өңірде құрамында сынап бар шамдарға және химиялық қуат көздеріне арналған 2321 контейнер орнатылды. Айта кету керек, қазір Ақтөбе, Семей, Түркістан және Өскемен қалаларында ТҚҚ бөлек жинауды енгізу мәселесі қарастырылуда. Жалпы, 2017-2019 жылдары біздің қолдауымызбен 166 427 тонна орам жиналып, өңделді. Біз Көлік құралдарын қайта өңдеу саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Жаңадан авторециклинг саласы құрылды. Қарағанды облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары технологиялық зауыт салынды. Жаңа технологияларды қолдану арқылы көлік құралдарынан алынатын компоненттердің 90 пайызы кәдеге жаратылды. 2020 жылғы 13 ақпанда кәдеге жаратуға барлығы 125 410 көлік құралы қабылданды.
«ТӨЛЕМ МӨЛШЕРІН МИНИСТРЛІК БЕЛГІЛЕЙДІ»
- Жаңа көліктің құнына енгізілген және едәуір бөлігін құрап отырған утилизациялық алым мөлшері де аз ақша емес. Утилизациялық алым мөлшері неге байланысты? Көршілес елдерге қарағанда Қазақстанда бұл алым мөлшері неге көп? Мысалы, Ресеймен салыстырсақ?
- Утилизациялық алым мөлшерін ӨКМ операторы белгілемейді. Алым мөлшері бойынша ұсыныстар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасымен жасалып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органмен бекітілді. «Құқықтық актілер туралы» ҚР заңының 60-бабына сәйкес нормативтік-құқықтық актілерге оны қабылдаған уәкілетті органдар немесе лауазымды тұлғалар ресми түсінік береді. Сол себептен сіз бұл мәселе бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолыққаныңыз жөн.
- ҚР аумағында автосалондарда немесе жеке тұлғалардан сатып алынған автокөліктердің утилизациялық алымы мен жақын шетелдерден әкелінген көліктердің алымдарын есептеу әдісін салыстырғанда ерекшелігі бар ма?
- Утилизациялық алым мөлшері қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және кәдеге жаратуды ұйымдастыру үшін төлемді есептеу әдістемесімен белгіленген. Осы әдістеменің 8-1-тармағына сәйкес, автокөлік құралдары және өздігінен жүретін, ауыл шаруашылығы техникасына қатысты утилизациялық алымдарының базалық мөлшерлемесі мен оған қосылатын коэффициент мөлшерін Инвестициялар және даму министрлігі ұсынады.
- Ресей Федерациясынан жаңа автокөлік сатып алған Қазақстанның азаматтары неліктен утилизациялық алымды төлеуі тиіс? Бұл алым көліктің құнына енгізілмеген бе? Онда Кедендік одақтың қандай маңызы бар?
- Бұл мәселе ӨКМ операторының құзыретіне жатпайды.
- 2016 жылы 21 қарашада Атырау қаласында Атамбаев көшесі, 7 мекенжайы бойынша қолданыстан шыққан автокөлік құралдарын қабылдау пункті ашылды. Содан бері осы пунктте утилизацияға қанша автокөлік тапсырылды?
- 2016 жылы утилизацияға тапсырған көлік иелеріне 48 мыңнан 150 мың теңгеге дейін ақшалай өтемақы ғана берілді. 2 айға жетер-жетпес уақытта 135 автокөлік тапсырылды. Келесі жылдың жазында ескі автокөлік иелерінде өз автокөліктерін тапсырып ақшалай өтемақы алуға немесе Қазақстанда жиналған жаңа көлік сатып алуға электрондық сертификат алуды таңдау мүмкіндіктері болды. Нәтижесінде 2017 жылы 911 адам өтемақы алды, ал 249 адам тапсырған көліктің санатына байланысты мөлшердегі сертификат алуды ұйғарды. Төмендегі кестеде Атырау облысы бойынша деректер келтірілген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА