Атырау, 27 желтоқсан 03:21
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

«Жағдайдың қалай болғанын жасырмай айт» – Челахтың анасы (+Бейнетаспа)

2 476 просмотра

АСТАНА. 21 қараша. BAQ.KZ - Бүгін Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әскери сотында өтіп жатқан «Арқанкерген» ісіне қатысты сот отырысында басты айыпталушы Челах тосын мінез көрсетіп, «Сот барысына қатыспайтындығын» мәлімдеді.

«Арқанкерген» ісіне қатысты сот отырысының үшінші күні сот барысына төрағалық етуші судья Ербол Ахметжанов: «Жүргізілген арнайы іс-шаралардың видеосын қайта көру туралы мемлекеттік айыптаушылардың өтінішіне жәбірленушілердің басым бөлігінің қолдау білдіруін ескере келе, сот бұл өтінішті қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Ал жақтаушы тарапынан адвокат Ващенкоға қатысты арнайы іс-шараларды жүргізуге рұқсат беруші сәйкес құжаттарды тіркеу, сонымен қатар сот актілерінің көшірмесін беру туралы өтініш жасалды. Сот бұл өтініштерді қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады. Сот қаулыларының көшірмесін беру, прокурорды істен аластату, судьяны аластату.....», - деп мемлекеттік айыпталушылар мен бас айыпталушының адвокаты жасаған өтініштерге қатысты сот шешімін оқи бастап еді, бір мезет отырыс залында айқай-шу шықты.

Аузына келген балағат сөздерді айқайлай айтқан Челахтың «Мен сот отырысына қатыспаймын» дегені анық естілді. Оған жауап ретінде анасының «Жағдайдың қалай болғанын жасырмай айт» деген сөздері де ара-тұра естіліп қалды.

Осы сәтте судья залдағыларды тыныштыққа шақырып, күзетшілерден Челахты сыртқа алып шығуларын өтінді де, 20 минуттық үзіліс жариялады.

Бас әрі жалғыз айыпталушының мұндай әрекетін түсіндіруге тырысқан Алматы облысы ІІД Арнайы мекемелер және айдауылдау бөлімінің бастығы Анвар Сапыжановтың айтуынша, мойнын қымтап алған Челахтың үн-түнсіз отырып, «бірнәрсе бүлдіріп» жатқанын күзетші қызметкерлер байқап қалған.

«Күзетшілер уақытында байқап қалып, ол (айыпталушы – агенттіктің толықтыруы) өз-өзіне дене жарақатын салып үлгерген жоқ», - деді Алматы облысы ІІД қызметкері.

Оның берген мәліметтеріне сәйкес, Челах орындықтың шетінен сындырып алған пластик бұйымның көмегімен сот залында өмірімен қош айтыспақ болыпты.

«Челах сот залында айыпталушы бөлмесінде отырғанда орындықтың астынғы жағыннан шетін сындырып алып, сол пластиктің кішкене сынығымен өз-өзіне қол жұмсамақ болған», - деді Анвар Сапыжанов. Соған қарағанда Владислав күре тамырын кеспек болғанға ұқсайды. Оған осы оқиғаға қатысты түсініктеме берген дәрігердің де сөздері дәлел бола алады.

«Оның (Челахтық – агенттіктің түзетуі) сол жақ білезік тұсында сызылған іздер бар. Ол іздердің қандай құралмен немесе затпен салынғанын мен білмеймін. Көрген жоқпын. Оған бірінші медициналық көмек көрсетілді», - деді Алматы облыстық ауруханасының дәрігер-травматологы Асхат Қалибеков.

Алматы облысы ІІД Арнайы мекемелер және айдауылдау бөлімінің бастығы Анвар Сапыжанов журналистерге берген сұхбатында еске салып өткендей, Челах мұндай мінезді алғаш рет танытып отырған жоқ. Бұған дейін тергеу абақтысында отырғанда да ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Осындай шумен басталған «Арқанкерген» ісіне қатысты сот отырысының үшінші күні құқық қорғаушыларды да, қаза болған шекарашылардың ата-аналарын да, БАҚ өкілдерін де біраз әбігерге салды. Шудың 20 минутта басылмайтынын аңғарған судья үзілісті түскі екі жарымға дейін ұзартты.

Дереккөз: baq.kz

21 қараша 2012, 14:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.