Атырау, 22 қараша 12:22
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Қадыров Шешенстанда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салмақ

2 374 просмотра
Қадыров Шешенстанда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салмақШешен Республикасының президенті Рамзан Қадыров парламентпен, ІІМ өкілдерімен, муниципалиттердің басшыларымен және бас дәрігерлермен жиналыс өткізіп, аймақта энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салатын заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді. Бұл жайында Шешен үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Энергетикалық сусындар адамның денсаулығына зиянын тигізбейді» деген жаңсақ пікір белең алып тұр. Алайда, дәрігерлер сусынның бұл түрі адамның ағзасын аздырып, күйзеліске ұрындыратынын немесе өз-өзін билей алмайтын жағдайға жеткізетінін дәлелдеп отыр. Ал, біз дүкен сөрелерінен не көріп жүрміз? Барлық орында сыртын жылтыратып қойған улы зат ашық сатылуда», – деді ел басшысы.

Қадыров энергетикалық сусындарды бүкіл ел аумағында сатуға тыйым салу мәселесін федералдық деңгейде көтеретінін жеткізді.

«Менің бұлай қатты айтуымның себебі бар. Себебі, қолымда бұл түйткілді кейінге шегеруге болмайтын мәліметтер бар. Тек осы жылдың өзінде 530 адам энергетикалық сусындардан уланып, жедел жәрдеммен республикалық ауруханалар мен емханаларға жеткізілген. Мұндай жағдай өзге де емдеу орындарында тіркелген. Ол ол ма, адам өлімімен аяқталған жағдай да кездеседі: қыркүйек айында 30 жастағы жігіт осы сусын түрінен уланып өлген», – деді ол.

Сонымен бірге, ол энергетикалық сусындардың зияндылығы мен қауіптілігі жөнінде елге кеңінен ақпарат таратып, насихат жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

«Жергілікті телеарналарда осынау сусын түрінің зияндылығын айтып, студенттермен, мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Мұсылмандар қоғамында адамды масайтатын, ақыл-есінен адастыратын кез келген зиянды затқа тыйым салынған. Жастарымыздың денсаулығы мықты болуы керек. Ол үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет», – деді ол сөзінің соңында.

«Взгляд» газеті хабарлағандай, өткен сәрсенбіде Роспотребнадзор бастығы Геннадий Онищенко Ресейде энергетикалық сусындарды сатуға біржола тыйым салу мәселесін қозғаған болатын.

«Мен жастардың субмәдениетінде жаңашылдық болып табылатын осынау жат құбылыстың тамырына балта шауып, басы бүтін тыйым салу жағындамын. Энергетикалық сусындар жастарымызды ішімдікке немесе есірткіге үйір қылады»,- деп мәлімдеді Онищенко.

Сондайқ-ақ, ол: «Би кештерінде немесе емтиханға дайындалу барысында жастарымыз энергетикалық сусындарды жиі тұтынатындықтан бұл әдет бара-бара ішімдікке немесе есірткіге үйір етеді. Сусынның тым уыттылығы, шектен тыс газдалуы жас ұрпақтың өмірін қасіретке бастайды»,- деді Онищенко.

Оның айтуынша, энергетикалық сусынның түр-түрі бар, оның ішінде, құрамында морфині бар түрі де кездеседі. Егер сусынның бұл түрін ішімдікпен бірге пайдаланса, оның зияндылығы есепсіз. Газдалған сусын оның зияндылығын арттырмаса, кемітпейді екен.

«Энергетикалық сусынды тұтынуға шектеу қойып, мәселені шеше алмаймыз. 20 жыл бұрын өмірімізге дендеп енген жат әдетке тыйым салу қажет»,– деді ол сөзін түйіндеп.

Энергетикалық сусын – жарнамасына сенсек, адамның күш-қуатын еселеп, ойын да, бойын да сергітіп, шаршағанын басатын, көңіл күйін жақсартып, жұмысқа ынтасын арттыратын газдалған, құрамында алкоголі жоқ сусын.

Әдетте, бұл сусынның құрамында адамның бойын сергітетін, жүйке жүйесіне салмақ түсіретін кофеин жиі кездеседі.

Дереккөз: muslim.kz

21 қараша 2012, 14:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.