Кортизон немесе ибупрофен сияқты қабынуға қарсы дәрілер коронавирус жұқтырған науқастың жағдайын нашарлатуы мүмкін. Бұл туралы Францияның денсаулық сақтау министрі Оливье Веран айтты.
"COVID-19. Қабынуға қарсы кортизон, ибупрофен және басқа да дәрілерді қабылдау инфекцияның асқынуына алып келуі мүмкін. Егер дене қызуыңыз көтеріліп тұрса, парацетамол ішіңіз", - деп жазды министр Twitter парақшасында.
Сонымен қатар, министр қабынуға қарсы дәрі-дәрмекпен емделіп жатқан немесе күмәнданып жүрген азаматтарға өзінің дәрігерімен сөйлесуге кеңес берді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Францияда коронавируспен ауырып жатқандар саны 3 661 адамға жетті. 79 адам вирустан көз жұмды.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Вирус әлемнің 120-дан аса еліне тарады, 130 мыңнан астам адам ауру жұқтырды. Көпшілігі сауықты, бірақ 5 мыңнан астамы қайтыс болды.
Дереккөз: Sputniknews.kz