Атырау, 23 қараша 02:10
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көрісу тек Батыста сақталған

5 440 просмотра


Қазақ дәстүрлерінің бірі – көрісу Қазақстанның Батыс өңірінде сақталып қалған. Ол Амал мерекесі деп те аталады. Бұл күндері адамдар көктемнің шуақты күндеріне қуанып, ойда отырғандар қырдағыларға барып, амандық-саулық сұрасады. Ежелден бұл мереке халықты біріктіріп келеді. Адамдар бірін-бірі қолдап, көңілдерін жарастырады. Өзара өкпе-реніштері болса, кешіреді.


Маржан ЕСЕНИЯЗОВА, Құлсары қаласының тұрғыны:

-14 наурызды көрісу күні деп атаған. Жыл сайын ауылдың адамдары, жақын-жуық, көрші-көлем жасы үлкен адамдарға сәлем беріп барады. «Жасыңыз құтты болсын», «Жасыңызга жас қосылсын, өмір жасыңыз ұзақ болсын» деген ақжарма тілегін айтады. Мен жыл сайын келіндеріме айтып, дастархан жасап, шеке асып күтіп отырамын. Ұзын көйлек, камзол, кимешек киіп қарсы аламын. Қалай еткенде бұл күннің өзгешілігі сезіліп тұруы керек емес пе. Келген қонақтар қауышып қана қоймай, жасы үлкендерге ізет білдіретін күні болғандығы мені қуантады. Дастархан басында ұлағатты әңгіме айтылып жатса, жастар үшін бір ғанибет емес пе.

Биыл коронавирус індетіне байланысты мерекелер тойланбай жатыр ғой, ал көрісуде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Қазақ халқы ашаршылықты да, жоқшылықты да, тоқшылықты да бастан кешірді. Қанша нәубет келсе де қазақтың ерекше дәстүрлі күндері сақталып қалған. Сақтала береді деп те ойлаймын.


Болат АЙМАНАКУМОВ, Индер ауданы ШҚ басшысы:

-Отырықшылыққа дейін халқымыз көшіп-қонып жүрген. Малын алдына салып жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, бірін-бірі анда-санда көрген. Қыстан шығып, наурыз айына жеткеннен кейін арқа-басы кеңіп, енді ғана малдан босағандар үлкендерге амандаса баруды дәстүрге айналдырған. Мен әулеттегі үлкен үй болып саналамын. Жыл сайын ағайын-тума, көрші-көлем амандаса келеді. Көршіміздің өзі бес, жеті шақырым жерде орналасқан.


Жания ІЗБАСҚАНОВА, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының тұрғыны:

-Зейнеткерлікке дейін мәдениет саласында жұмыс жасадым. Мұндай мерекелі күндер мәдениетшілердің назарынан тыс қалмай, сахналық көріністерді халыққа ұсынатынбыз. Биыл вирусқа байланысты көпшіліктің бір жерге жиналуына шектеу қойылды. Негізі көрісу жыл бойы жалғасатын дәстүр, ол бір күнмен шектеліп қалған емес.   

Жазып алған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

14 наурыз 2020, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.