Арман ҚайырденовАМӨЗ-дің сыртқы байланыстар және ақпарат қызметі зауыттың бас директоры болып Арман ҚАЙЫРДЕНОВТІҢ тағайындалғаны туралы хабарлаған баспасөз релизін таратты. Бұдан бұрын осы лауазымда жұмыс істеген Талғат Байтазиев өз қалауымен жұмыстан кету туралы жазған өтінішіне сәйкес орнынан босатылды.
21 қарашада өткен зауыт активінде жаңа бас директорды «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Д. ТИЕСОВ таныстырды. Өз сөзінде ол Байтазиевтың 8 жыл бойына жасаған жемісті еңбегін атап өтіп, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының атынан оған алғыс білдірді.
Қайырденов Арман Құрметұлы 1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ химия-технологиялық университетін, 2003 жылы – РФ Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясын мұнай және газ бизнесі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы АМӨЗ-де ЭЛОУТ-АТ-2 операторы боп бастаған. 2006 жылы ол жерден күрделі құрылыс басқармасы бастығының орынбасары лауазымында жұмыс істеп жүріп «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның мұнай-химия департаментіне ауысқан. 2008 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны – Rompetrol компаниясының Rompetrol Rafinare S. A. (Румыния) мұнай өңдеу зауытына бас директордың орынбасары лауазымына, 2010 жылы Rompetrol Rafinare S. A. бас директоры боп тағайындалды. 2012 жылы Rompetrol компаниясы тобының бас директорының орынбасары боп жұмыс жасады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА