Атырау, 23 қараша 02:49
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда 741 адам бақылауда, үшеуі – оқшауланды

9 587 просмотра



13 наурызда Алматы қаласында коронавирус жұқтырған екі адам белгілі болғанына байланысты Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Байтолла ҒАЗИЗОВ брифинг өткізді. Ең алдымен ол біздің өңірде бұл инфекцияны жұқтырған адам тіркелмегенін хабарлады.

Ғазизовтың айтуынша, қазір толық карантинге 3 адам орналастырылды – 1 ҚХР азаматы және Италиядан келген 2 қазақстандық азамат. Оларды Астрахань шекарасынан поездан түсіріп алған. Естеріңізге сала кетейін, 1 «а» санатына кірген елдерден (Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Италия) келген азаматтар толық карантинге орналастырылады.  

-Коронавирустың алдын алу үшін барлық шаралар алынуда. Медициналық препараттар мен дезинфекциялаушы құралдар қоры бар, медициналық қызметкерлер толық дайын. Штаб құрылды, қажет болған жағдайда республикалық колл-орталыққа 1406 номері бойынша, Атырау облысында 980292, 8778-007-20-21 телефон номерлеріне хабарласуға болады, - деп хабарлады Ғазизов.

-Атырауда қай жерде коронавирусқа анализ қабылдайды?

-Қазір анализды инфекциялық ауруханада қабылдап, сол  жерге санитарлық зертхана мамандары шақыртылады. Атырауда дәл коронавирусты анықтайтын зертхана жоқ, сондықтан анализдер Ақтөбе, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына жіберіледі. Қорытындысы 24 сағат ішінде белгілі болады.

-Неше кереует дайын?

-Туберкулезге қарсы диспансерде күзеті бар арнайы оқшаулау орны дайындалды. Онда полиция қызметкерлері мен денсауық сақтау басқармасының мамандары жұмыс жасайды. Оқшаулау орнында 100 кереует дайын.

-Қазір неше адам бақылауда тұр?

- Айтқанымдай, 3 адам 1 «а» санаты бойынша толық карантинде. 1 «б» санаты бойынша (Франция, Испания, Германиядан келген) 66 адам бақылауда: 9 ҚР азаматы және 57 шетел азаматы. 2-санат бойынша (Швейцария, Ұлыбритания, Нидерландтан келген) - 198 адам: 6 қазақстандық және 192 шетелдік. 3-санат бойынша (Бельгия, Швеция, Норвегия, Үндістан, Ирак, Филиппин, АҚШ-тан келген) - 477 адам, оның 54 қазақстандық және 423 шетелдік азаматтар. Олардың барлығын медициналық қызметкерлер тұрғылықты жеріне барып және қоңырау шалу арқылы бақылайды. Тек 3-санатқа кірген адамдар ғана сыртқа шыға алады.

-Облыста өкпені жасанды желдету аппаратының нешеуі бар?

-Қазір біз көпсалалы №2 емхананы дайындап қойдық. Онда осындай 12 аппарат бар. Облыс әкімдігінің қолдауымен тағы да қосымша аппарат пен басқа да жабдықтарға тапсырыс бердік.

-Қазақстанда ішкі әуе рейстері мен поездар тексеріле ме?

-Облыста штаб құрылды, іс-әрекет алгоритмі жасалды. Облысқа келгендердің барлығын бақылауға аламыз. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

14 наурыз 2020, 08:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.