Атырау, 23 қараша 02:15
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әскердегі әлімжеттік азайды ма?

Сурет
5 597 просмотра


Қазіргі таңда Атырау облысында 7 әскери бөлімде мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Әскери бөлімдердің барлығы дерлік бейнебақылау жүйесімен қамтылғанымен, жас сарбаздарға күш көрсету фактілері тіркеліп тұрады. Осы орайда «АЖ» тілшісі ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Атырау тобымен сарбаздардың денесін тексеру жұмыстарына қатысты.

Бұл бір рет өткізілетін іс-шара емес - мұндай тексерулер бұрын да жүргізілген. «Дедтардан» қысым көрген сарбаздар әскери тергеушілерге сирек шағымданады. Бір жағынан қорықатын болса, екіншісінде «стукач» (сөз тасушы) атанғысы келмейді. Сондықтан ӘТБ казармаларға рейдтік шаралар ұйымдастырып отырады.

- Кез-келген уақытта келіп, сарбаздардың денесін тексере аламыз. Мұқият тексеріп шығамыз. Егер біреудің күш қолданғаны анықталса, қылмыстық іс қозғалады, - дейді ҚР ІІМ БӨ ӘТБ жедел уәкілі Ержан АМИРОВ.

- Сарбаз кешірім берсе, қылмыстық іс қысқартыла ма?

- Иә. Істі сотқа дейін жеткізетін сарбаздар да бар. Мәселен өткен жылы әскери бөлімдерде күш көрсету фактілері бойынша 2 қылмыстық іс сотқа жолданды.

Біз барған 5546 әскери бөлімі қала маңындағы Водниково ауылында орналасқан. Бұл жерде «Ұлттық Ұлан» сарбаздары Отан алдындағы борышын өтейді. Айта кету керек, өткен жылы да, жыл басынан бері де бұл бөлімде күш көрсету фактілері тіркелмеген.


Сарбаздар қатарға тұрып, беліне дейін шешінді. Медбике әрқайсысын тексеріп шықты. Денелерінен көгерген, қызарған, қанталаған іздер табылмады.

- Біздің төрт басты мақсатымыз бар: азаматтардың конституциялық құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті күзету, қылмыс ашуға қатысу және қылмысты ізін суытпай ашу, - дейді келісім-шарт бойынша қызмет атқарып жүрген Бексұлтан АБДУЛЛАЕВ.  -  Аптасына төрт күн және мереке күндері көше тыныштығын күзетеміз.

Ержан Амировтың айтуынша, қазіргі таңда әскери бөлімшелерде «дедовщина» едәуір азайған.

- «Әскерде қылмысқа жол жоқ» бағдарламасы аясында құқықбұзушылықтардың профилактикалық шарасын жүргіземіз. Сарбаздардың денсаулығын үнемі тексеріп тұрамыз, - дейді Амиров.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

13 наурыз 2020, 15:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.