Коронавирусқа байланысты Қазақстанда мектеп оқушылары көктемгі каникулға мерзімінен бұрын шығады. Кинотеатрлар жабылып, инфекцияның тарау қауіпінің алдын алу шаралары енгізілуде. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ көпшілік іс-шараларды өткізуді тоқтату және үкімет арнайы алдын ала шараларды іске асыруға кірісетіні туралы мәлімдеді. «Халық үздіксіз азық-түлікпен, ең қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Шағын және орта бизнес зиян шекпеуі керек» деп жазды ол Twitter-де. «АЖ» тілшісі шетелдік азаматтардың көбі жұмыс жасайтын ең ірі ТШО және NCOC компанияларына жолығып, қандай шаралар жүргізіліп жатқанын біліп қайтты.
«Қазір Теңіз кенішінің қызметкерлері арасында коронавирус жұққан адам тіркелген жоқ. Аурудың белгісі байқалғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін ТШО-ның емханасы мен медициналық қызметкерлері қажетті жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, компания коронавирус инфекциясын анықтап, оны таратпау мақсатында бизнес-серіктестерімен және мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатты» деп хабарлады ТШО-ның баспасөз қызметінде.
NCOC қызметтік және оқу іссапарларын, 1 Категориясына жатқызылған елдерге қатынауды тоқтатты, сонымен қатар 2 және 3 Категориясындағы елдерге қатынау шектелді. "Компания өз қызметкерлері мен отбасы мүшелеріне 1 Категорияға енгізілген елдерге өздігінен шықпауға кеңес береді. Ескертуге қарамай баратын болып шешкен болсаңыздар, осы мемлекеттерге қатынау туралы ҚР ережесіне көңіл бөлгеніңіз жөн. Сонымен қатар, сол елден кері қайтарда кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін немесе келген бойда карантинге оқшаулауланатыныңызды есте сақтаған дұрыс. Қазір NCOC қызметкерлеріне Қазақстан ішіндегі қызметтік сапарға тыйым салынған жоқ. Бірақ аса маңызды болмаса, өндірістік аймақтарға бару тоқтатылды. Қызметкерлерге қызметтік сапарды телефон немесе бейнеконференция арқылы өткізуге кеңес береміз» деп жауап берді консорциумда.
Бүгін, 12 наурызда, Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ өңірдегі коронавирус инфекциясының тарау қауіпінің алдын алу және санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейту мақсатында мәжіліс өткізді. Оған ТШО, NCOC, «Ембімұнайгаз», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ сынды ірі кәсіпорындар және олардың мердігер компанияларының басшылары қатысты. Вахталық әдіспен мыңдаған адам жұмыс істейтін кәсіпорындар арнайы оқшаулау орындарын дайындап, медициналық мамандар күшейтілген режимге көшкен.
Қазір жоспарланған ірі конференциялар, форумдар, жиналыстар өткізілмейтін болды. Сауда орталықтарындағы кинотеатрлар жабылуда.
Вице-премьер Ералы Тоғжанов Қазақстандағы ахуал туралы өткізілген брифингте оқушылардың 16 наурыздан 5 сәуірге дейін каникулға шығатындығын, ал студенттердің қашықтықтан оқуға көшетінін хабарлады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА