Атырау, 23 қараша 02:59
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Біздің дәрігерлерде бұл аспаптар жоқ

Сурет Бейнежазба
3 961 просмотра


Литваның жетекші ортопед-хирургы Виргилиюс УРБАНАВИЧЮС облыстық балалар ауруханасының жанынан ота жасау үшін Атырауға үшінші рет келіп отыр. Әр келген сайын құрал-саймандары салынған чемоданын арқалай келеді, өйткені біздің дәрігерлерде бұл аспаптар жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Урбанавичюс жасаған отаға қатысудың сәті түсті. Бұл жергілікті ортопед-травматологтар үшін шеберлік класы деуге болады. Ота церебральды сал ауруына шалдыққан 10 жасар балаға жасалды, бала жүрген кезде аяғын ішіне басады екен. Өздігімен әрең қозғалатын балаға аяқ киім кию қолайсыз еді. Операциядан кейін оған гипс салынады, содан соң ұзақ уақыт оңалту процесі жүреді. Бірақ дәрігерлер отадан кейін аяғының кемістігі түзеліп, кішкентай пациентке өмір сүру жеңілдейді деп күтеді.

Литвалық маманнан кеңес алу үшін Батыс Қазақстанның барлық өңірінен науқас балаларды әкелген екен, бірақ ол жағдайы анағұрлым күрделі деген 8 пациентті ғана таңдаған. Бұл науқастардың бәрі Атыраудан. Доктор Урбанавичюс қалған пациенттерді жергілікті әріптестерінің өздері емдей алады деп сенеді. Литвалық маманның айтуынша, оның Атыраудағы әріптестері оталардың басым бөлігін - 70 пайыздайын өздері-ақ еш қиындықсыз жасай алады екен. Біздің мамандар да екі жылдан бері осындай ота жасап келеді. Ал отаның қалған 30%-ы үшін тиісті құрал-саймандар қажет. Мысалы, ара мен бұрғылар жиынтығы 7,5 миллион теңге тұрады. Біздің дәрігерлерге кем дегенде осындай 4 жиынтық қажет, екеуі - операция бөлмесіне, екеуі - хирургия бөлімшесіне. Бұдан басқа, оларға операция кезінде онлайн режимінде сүйектерді бақылауға мүмкіндік беретін арнайы рентген аппараты қажет. Оның құны - 85 миллион теңге. Атырауда церебральды сал ауруы және ортопедиялық патологиясы бар балалар өте көп, сондықтан жабдықтар қажет-ақ.


- Бізге қажетті жабдықтарды сатып алуға уәде етті, бұл біздің стационарда жасалатын операциялардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді, - дейді облыстық балалар ауруханасының ортопед-травматологы Болат ЕСНАЗАРОВ.

Әли ТАЛАПОВ 12 жаста, інісі Санжар 10 жаста. Кішкентай кездерінде ағайындыларға «көптеген туа бітті экзостоздар» диагнозы қойылған. Әлидің аяғында Х пішінді деформация болған. 9 наурызда доктор Урбанавичюс ағайындының екеуіне де ота жасады. Әли үшін бұл үшінші операция – бірінші отаны Астанада, екіншісін литвалық дәрігер 2019 жылдың қазан айында Атырауға келген соңғы сапарында жасаған.

- Ұлдарыма Атырауда ота жасалғанына өте қуаныштымын, - дейді анасы Аида МЕДЕУОВА. - Астанаға баруды айтпағанның өзінде, операциядан кейін ерекше күтімді қажет ететін екі баламен келу де қиын ғой, тіпті елестетуден де қорқамын.


Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

10 наурыз 2020, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.