«АЖ» 8 наурыз мерекесіне әйелдерге нәзік жандылардың құттықтауын дайындады. Расында, ер азаматтардан гөрі олардың құттықтауы ерекше шығады емес пе?
Былтыр «АЖ» жазған, білек күшін сынаудан ардагерлер арасында Әлем чемпионы атанған Алмагүл ҚАНАТОВА Исатай ауданы Тұщықұдық ауылы Мәдениет үйінде еден жуушы болып қызмет етеді.
-Сол жеңістен кейін округ әкімі гүл десте мен 50 мың теңге сыйлыққа берді. Рахмет, әрине. Бірақ 2017 жылы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленсем де, әлі күнге дейін куәлігін ала алмай жүрмін, - дейді Алмагүл. – Оны қоя тұршы. Барлық әйелдерді өзіміздің көктемгі мерекемен құттықтаймын! Денсаулық пен бақыт тілеймін.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер БОННЕР:
-Тамаша мерекеде «АЖ»-ның нәзік жанды оқырмандарына тілек айту мен үшін үлкен құрмет. Бұл қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі ерекше екенін тағы да ұғынуға себеп болды. Олар жиі-жиі саясат, экономика, мәдениет саласындағы жетекші орындарға ұмтылып келеді. Бұл өзгерістердің күн өткен сайын байқаймын, әсіресе бірге қызмет етіп жүрген әріптес әйелдерге қуаныштымын. Отбасында да, кәсіби өмірінде де жетістікке жетіп жүрген олар әйел нәзіктігінің және өз ісіне шын берілудің эталоны дер едім. Осының мысалы ретінде ТШО компаниясының жаңадан құрылғанынан бастап бүгінге дейін 189 нәзік жанды сұлудың баға жетпес үлесін қосып жүргенін атар едім. Тағы бір қуантарлық жағдай – ол соңғы 7 жылда компанияның жетекші орындарында қызмет ететін әйелдердің саны 20 пайызға өсті. Әдетте ер азаматтарға тән сала үшін бұл жақсы көрсеткіш. Өңірдің басқа компаниялары да осындай дәрежеге жетеді деп үміттенемін.
Тағы да барлық әйелдерді көктем мерекесімен құттықтап, бақыт, денсаулық және әрқашан сәттілік тілеймін!
Атырау қаласы әкімшілік сотының судьясы Замира БАЙНАЗАРОВА:
- Әкімшілік соттың 90 пайызын әйел адамдар құрайды, бәрінің отбасы бар. Жұмыстан кейін олар екінші ауысымға шығып, балалармен сабаққа дайындалу, кір жуып, ас дайындау, үй тазалауға кіріседі. Үйдегі шаруаны тындыруға менің жолдасым көп көмектеседі. Онсыз үйлеспес еді. Біздер жұмыста кешкі сағат 10-11-ге дейін кідіріп жатамыз. Жұмыс оңай емес. Әртүрлі жағдайды қарауға тура келеді. Сотқа адамдар ашулы күйде келеді. Мұндайда соттың өзін-өзі ұстауына, сотқа қатысушыларды сабырға шақырып, тыныштандыруына көп нәрсе байланысты және әділетті шешім шығару керек.
Білесіз бе, менің жаным нәзік және өте әсершіл адаммын. Біреу өткіз сөзбен түйреп жіберсе, жылап қалуым ғажап емес, болмаса романтикалық фильмді елжіреп отырып көремін. Бірақ мұның бәрі жұмыстан тыс уақытта болады. Өз міндетімді мінсіз атқару үшін жұмысқа келгенде өз-өзімді қолға аламын.
Әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Шексіз махаббат пен балаларының амандығын тілеп, әрбір ісі оңға бассын деймін. Қосағымен қоса ағарсын!
...Адам баласын жатырқамайтын, өзі көңілді Гүлназ ҚОСМЫРЗИЕВАНЫҢ арбаға таңылғанына сену қиын.
-Мен өзімді дамыту үшін көп оқып, әртүрлі тренингтерге қатысамын. Осылай мен жігерленемін. Екіншіден менің айналамда өте керемет ағайын мен достар бар. Кез келген уақытта олардың көмегіне жүгіне аламын, - дейді Гүлназ. – Ең бастысы өзіңді жігерлендіріп, ешқашан жеңілмеу керек. Кейде менің де жаным жабырқап, күйзелетін кездерім болады. Бірақ 3-4 күннен кейін есімді жинап, қайтадан ілгері қарай ұмтыламын.Бұл менің өзім қалыптастырған ішкі ұстанымым.Осы бағыттан бұрылмаймын. Барлық әйелдерге тілерім, күштілікпен қатар нәзік болыңыздар. Еңсеңіз биік, рухыңыз мықты болсын!
«Көктем» базарында балық сатушы Болған ДОСБАЕВА:
-Күтпеген сұрақ қойдыңыз... Не айтайын,жер бетіндегі барлық әйелдің дені сау әрі бақытты болсын. Ең бастысы осы. Мен 6 баланың анасымын, «Күміс алқа» иегерімін. Қазір әже болдым. Зейнетақыға қоса алқаның жәрдемақысын алсам да, үйде отыра алмаймын. Өмір бойы жұмыс жасап үйреніп қалғанбыз. Осы базарда 15 жылдан бері балық сатамын. Жұмыста бәрі жақсы. Осы жердегінің бәрі өз туғанымдай, достасып кеттік. Мереке құтты болсын!
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор