«АЖ» тілшісі әйелдер мерекесіне орай отбасының ұйытқысы болып, қарапайым еңбегімен еленіп жүрген нәзік жандармен тілдесті.
ЕТІКШІ ГҮЛДАНА
Мақат кентіндегі базарға бара қалсаң, шағын дүңгіршікте аса бір ыждаһаттылықпен жұмыс істеп отырған келіншекке еріксіз көзің түседі. Ол күні бойы тек етік тігумен айналысады. Қолынан біз бен қайрақ түспейді, желімнің иісіне үйренген. Етікшілікте ер адамды көріп үйреніп қалғандықтан сырт көзге қораштау көрінген кәсіпке қалай келгенін жайдары, ашық мінезді Гүлдана ХАУАШЕВА былайша әңгімелеп берді:
-Нағашы жұртымда етікші болғандар бар екен. Сол маған қоныпты. Негізі өзім Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келгеніммен, балалық шағым Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында өтті. Бала кезімнен қыз болып қуыршақпен ойнағаннан гөрі, гаражда аяқ киімді жамап-жасқауға қызығатынмын. Оның үстіне өзіме тете сіңлім аяқ киімнің «жауы» болды, тез тоздырып тастайтын. Оған сатып ала берер қаржы қайдан болсын, шамаға келгенше тігіп, желімдеп беретінмін. Келе-келе бұл іске әбден қызығушылығым артқаны соншалық, үйдегілердің де аяқ киімдерін өзім жөндейтінмін, - дейді жылы жымиған Гүлдана.
Өмірбаянын екі ауыз сөзбен түйіндеген келіншектің етікшілік кәсіппен айналысқанына бақандай 17 жылдың жүзі болыпты. 2002 жылы Мақат кентіне келін болып түскен.
Бастапқыда үйден аяқ киім тігумен айналысқан. Көрші-көлем, одан кейін кент тұрғындары қысы-жазы аяқ киімін арқалап келіп тұратын болды. Ал 2010 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп алды.
-«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 1 млн 600 мың теңге несие алдым. Ол қаржыма жеке дүңгіршек және етік тігетін іс машинасын сатып алдым. Басқа да құрал-жабдықтар қажет болғандықтан, өткен жылы «JasProject» жобасына қатысып, қайтарымсыз 1 млн теңге грантқа ие болдым, - дейді Гүлдана. - Аяқ киім өте төзімсіз зат қой, бірде өкшесі, енді бірде желімі кетіп, болмаса сырмасы сыр беріп жатады. Біздің жеріміз сор болғандықтан балшыққа аяқ киімдер шыдамайды.
37 жасар келіншек жұмысты сапалы жасайды, себебі көзбояушылық жасау қанында жоқ. Былтырдан бастап химиялық жолмен аяқ киім тазалау ісін де бастады, ендігі арманы бояу жұмысын меңгеру. Менің ойымша, өңіріміздің етікшілері ондай қызмет көрсетпейтін секілді. Гүлдананың үйде де шағын шеберханасы бар, оған жолдасы мен ұлы, одан қалса қайнысы көмекке келеді. Ол жақсы келін, қолында сексеннің сеңгіріне шыққан енесі Ұлжан бар. Бәрінің бабын тауып, отбасының ұйытықысы болып отырған осы қарапайым ғана шебер әйел.
ҚАРТТАРДЫҢ ПАНАСЫ САМАЛ
...Құрманғазы ауылы. Самал ШАМХАНОВА бір аяғынан айрылған 60 жастағы жалғызбасты әйелге жеткенше асықты.
-Самалжан, келдің ау, есікке қарап елеңдеп отыр едім, - деді мүгедектік креслоға таңылған әйел қуана күліп. Самал үйді жинап, тазалап жуып болғанша қасынан бір елі кетпеді. Екі-үш күндіктегі әңгімесін айтып жатыр. Қанша қимаса да Самал келесі қарттың үйіне бет алды, онда сексеннің сеңгірінен асқан ата тұрады. Ол бір күнде жалғызбасты жеті адамға қызмет етті. Үй жинап, тамақ пісіріп, дүкенге барып керек-жарақтарын әкеліп береді. Әр үйге кірген сайын Самалды қарсы алғандағы көңіл күйлері тіптен бөлек, қуаныштан қариялардың көңілдері жарқырап тұрады. Ал кетерінде ол жәудіреген жанарлардан қашып, артына қарамауға тырысады. Бірақ Самал келмей қалмайды.
-2013 жылдан бастап Құрманғазы округінде әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келемін. Қартайғанда жалғыздықтан жандары жабырқап, көңілдерін мұң басқан қариялардың көңілдерін табуға тырысамын. Олар бала сияқты, сәл кешіксем ренжіп, іздеп отырады, - деп күрсінеді Самал. - Олардың көңілдеріне қаяу салғым келмейді, әрқайсысының өз мінезі бар, тілдерін табуға тырысамын. Олар мені өз қыздарындай көреді. Негізі әрқайсысына аптасына екі реттен барып тұруым керек. Ал мүгедек, әрі үлкейіп қалған қариялар күнделікті көмекке мұқтаж ғой, ондайда санасқым кемейді, жиі баруға тырысамын.
Самалды өзінің отбасы үлкен. Ол 18 жасында тұрмысқа шығып, сегіз баланың анасы болып үлгерді, «Алтын алқа» иегері. Үлкені студент атанса, төртеуі мектепте. Ал үшемдер Әлемхан, Тілеухан, Ерханның жастары төрттен асты. Үшемдердің өзіне бөлек күтім керек, оларға әкелері Дидарбек қарайды.
-Самал бос уақытың бар ма. Қанша дегенмен әйел адамсың, өзіңді күтуге мүмкіндік бар ма?
-(Күледі). Қайдам? Менің бос уақытым жоқ, тамақ пісіру, үй жинау, балалардың сабағын қарау, үшемдердің көңілін табу... күнде қайталанып келіп тұрса да, бала деген бақыт қой. Тәуба деймін, мен жалғызілікті қарияларға қарап. Тағдыр ғой, ешкімді кіналауға болмайды...
-Арманың бар ма?
-(Ойланып қалды). Армансыз адам болмауы мүмкін емес қой, шүкірміз. Жолдасым екеуіміз балаларымыз өмірден өз орындарын тапса деп армандаймыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Автор түсірген сурет